Halyq Uni логотип
×

Жетісу облысында 100 млн теңге жымқырған алаяқтар ұсталды

Олар қолды қылған ақша мен жәбірленушілер саны одан да көп болуы мүмкін

 Қымбат Елтайқызы 10.08.2024 | 11:20
Жетісу облысында 100 млн теңге жымқырған алаяқтар ұсталды
фото: polisia.kz

Интернет-алаяқтарға көмектескен қылмыстық топтардың жолы кесілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында интернет-алаяқтарға көмектесіп, жәбірленушілердің ақшасын жымқыратын қылмыстық топтар анықталды, деп мәлімдеді Polisia.kz.

Арнайы операцияны Жетісу облысы ПД Киберпол қызметкерлері қарағандылық және солтүстікқазақстандық әріптестерімен бірлесіп, ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес орталығы, сондай-ақ өңір прокуратурасының үйлестіруімен жүргізді.

Тінту барысында 35 ұялы телефон, 135 сим-карта, 2 пневматикалық тапанша және 3 қымбат көлік тәркіленді. Бүгінгі таңда 80 жәбірленуші анықталды. Олардың шығыны 100 млн теңгеден асады. Тәркіленген мобильді құрылғыларды талдау жалғасып жатыр. Сондықтан жәбірленушілер саны мен келтірілген залал сомасы айтарлықтай өсуі мүмкін, – деді ПД бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Қазіргі уақытта осы қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Тәркіленген мобильді құрылғыларда банктік қосымшалар бар. Қаскөйлер солардың көмегімен интернет-алаяқтықтың құрбаны болған азаматтардың қаражатын жымқырған.

Полицейлер азаматтарды қырағы болуға және жеке деректерді басқа адамдарға бермеуге, телефондарға белгісіз қосымшалар орнатпауға шақырады. Сонымен қатар интернеттегі қаржылық операцияларды жүргізу кезінде сақ болуды ескертеді. Мамандар «егер алаяқтықтың құрбаны болдым деп күдіктенсеңіздер, бұл туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыздар» деп ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама