Баспана күзге дейін тапсырыла ма?
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін тамыз айында 400-ден астам жаңа үй тапсырылады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысы Темір, Мұғалжар, Ойыл, Қобда, Ыргыз және Әйтеке би аудандарының ауылдарында болды, деп мәлімдеді үкімет.
Аймақ су тасқынынан ең көп зардап шеккендердің бірі саналады – 1020 үй мен саяжай құрылысы апатты деп танылған.
Біздің алдымызда 502 үй салу және 518 үй мен пәтер сатып алу міндеті тұр. Бүгінгі таңда 475 үй мен пәтер сатып алынды, жұмыстар 91,7%-ға орындалды. Тамыз айында 400-ден астам үйді кезең-кезеңімен тапсыру жоспарланып отыр. Құрылыста қолданылатын барлық материал Ақтөбе облысында шығарылғанын атап өткім келеді. Құрылыс материалдары жеткілікті, тапшылық жоқ, — деді өңір басшысы Асхат Шахаров.
Бүгінде Темір ауданының Құмсай ауылында 21 үйдің әрлеу жұмыстары жүргізілуде, инженерлік инфрақұрылым тартылып жатыр. Құрылысқа BI Group компаниясы қаражат бөлді.
Мұғалжар ауданының Жағабұлақ және Бірлік ауылдарында аталған құрылыс компаниясы есебінен салынған 14 үйді пайдалануға беруге дайындап жатыр. Мердігерлер учаскелерге инженерлік желілерді тарту жұмыстарымен айналысуда. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша бұл ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт пен балабақша құрылысы басталып кетті.
Ауқымды құрылыс Ойыл ауданында жүргізіліп жатыр. «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры Қаратал ауылында 128 үй және Ойыл ауылында тағы 21 үй салу жобасын қаржыландырған. Сондай-ақ, Қаратал ауылында бөгет салынуда.
Қобда ауданының Қобда ауылында 130 отбасы жаңа тұрғын үйге көшеді. Қазір мұнда 10 мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр. Барлық 130 үйдің қабырғалары қаланып, шатырлары жабылып, ішкі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ауданға Болат Өтемұратов қоры қаржылай көмек көрсетті. Жыл сайын ауылды су басуына жол бермеу мақсатында жергілікті билік өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерін көтеріп жатыр.
Ырғыз ауданында «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры есебінен Ырғыз ауылында 51 үй және Нұра ауылында тағы 63 үй салынуда.
Ақтөбе облысында барлығы 50-ден астам мердігер мекеме баспаналарды қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылды. Қарқынды арттыру үшін вице-премьер Ойыл және Ырғыз аудандарына жұмыс күшін және қосымша техника тартуды тапсырды.
Үйлердің 95%-ы тамыз айының соңына дейін тапсырылады. 15 қыркүйекке дейін біз су тасқынынан зардап шеккендердің барлығын баспанамен қамту міндетін қойдық. Қалған 5%-ы Ырғыз ауданы, оның ішінде Нұра ауылына қатысты. Онда құрылыс жұмыстары су деңгейінің жоғары болуына байланысты бір айдан кейін басталды еді. Мен құрылыс бригадаларының санын көбейту туралы тапсырма бердім. Сонымен қатар, зардап шеккен алты ауданда жолдар, инженерлік инфрақұрылым қалпына келтіріліп жатыр. Ырғыз ауданында ауыз су және электрмен қамтамасыз ету мәселесі бар, бір ай ішінде әкімдік бұл мәселені шешуі тиіс, — деді Қанат Бозымбаев.
Ақтөбе облысында 4 521 отбасы жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек алды. 4 083 үйдің материалдық мүлкін өтеу бойынша 1,4 млрд теңге сомасына төлем берілді.