×

Қазақстанда электр энергиясының бағасы 32%-ке өсті

Ақтөбе облысында тариф айтарлықтай қымбаттаған

 Динара Амантай 09.08.2024 | 17:07
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда электр энергиясының бағасы 32%-ке өсті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Еnergyprom.kz сарапшыларының мәліметіне сәйкес, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда 60 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,9% артық. Өңірлік бөліністе электр энергиясының көп бөлігі Павлодар облысында өндірілді: 24,8 млрд кВт·сағ, жылдық өсім – 2%. Алдыңғы қатардағы өңірлердің үштігіне Қарағанды (6,3 млрд кВт·сағ, жылына 1,1% қосымша) және Атырау (4,1 млрд кВт·сағ, 6,1% қосымша) облыстары кірді.

Маусымның қорытындысы бойынша, Қазақстан тұрғындары үшін электр энергиясы бір айда 0,2%-ға және бір жылда 31,7%-ға қымбаттады. Айта кететін жайт, БҚО-да тарифтер 7,9%-ға өскен, ал басқа өңірлерде өткен ай деңгейінде қалды.

Жылдық динамикада тарифтер 2023 жылғы маусым деңгейінде қалған Ұлытау облысын қоспағанда, елдің барлық өңірлерінде қымбаттау байқалды. Тарифтердің ең жоғары жылдық өсуі Ақтөбе облысында байқалды. Онда баға бірден 69,2%-ға көтерілген. Сондай-ақ, Атырау (жылына 68,2%-ға), Павлодар (48,5%-ға), Шығыс Қазақстан (44,5%-ға) және Абай (44,3%-ға) облыстарының тұрғындары да қиын жағдайға тап болды. Тарифтердің ең аз жылдық өсуі Маңғыстау облысында тіркелді: 8%, – делінген сарапшылар ұсынған ақпаратта.

Айта кетсек, республика бойынша орташа есеппен азаматтарға электр энергиясының бағасы бірінші деңгей үшін 100 кВт·үшін 2,1 мың теңге, екінші деңгей үшін 2,8 мың теңге, тұтынудың үшінші деңгейі үшін 3,5 мың теңге болды.
 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама