«Ұлттық қор – балаларға»: 16,6 мың қазақстандық өтінім берді
Келер жылғы қаржы 2025 жылдың ақпанында есептеледі
Ұлттық қордан тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім ақысын төлеуге қаржы алуға 16,6 мың қазақстандық өтінім берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жыл сайын ұлттық қордың инвестициялардан түскен табысының 50 пайызы кәмелеттік жасқа (18 жас) толмаған балалардың жинақтау шоттарына аударылады. Биылғы ақпаннан бастап қазақстандықтар алғашқы төлемдерін ала бастады. Қор қаржысы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, сондай-ақ балалардың білім ақысын төлеуге бағытталады.
Айта кетсек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры белгіленді.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылы 18 жасқа толған балаларға 100,05 доллар төлемақы есептелді. Былтырғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда 18 жасқа толмаған 6,9 млн бала бар. Оларға жіберілген аударымдардың көлемін egov.kz онлайн-платформасы немесе enpf.kz сайты арқылы білуге болады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 шілдеге дейін қазақстандықтар білім беру ақысын төлеуге, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға 16,6 мың өтінім берген. Оның ішінде 13 мыңға жуық өтінім жалпы көлемі 1,3 млн долларға қанағаттандырылды.
Қор қаражатын кезекті есептеу 2025 жылдың ақпанына жоспарланып отыр.