Мектеп құралдарын алу үшін 80 мыңға жуық баланың ата-анасына ақша аударылды
Қор қаражатымен 500 мыңнан аса оқушыны қамту көзделген
Қазірге дейін 80 мыңға жуық қазақстандық оқушының ата-анасына мектеп құралдарын алу үшін ақша аударылды. Бұл туралы Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Спикердің айтуынша, биыл «Жалпыға бірдей білім беру» қоры 500 мыңнан аса баланы қамтуды көздеп отыр. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы мектеп оқушылары мен табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар.
Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың есепшоттарына қаражат аудару арқылы көмек көрсету тетігін жетілдіру шараларын қабылдады. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды. Қазір әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға 43 407 теңге қаражат белгіленген, – деді Насымжан Оспанова.
Сонымен қатар, комитет төрағасы соңғы үш жылда материалдық көмек көлемі 2,5 есе, яғни 17 мыңнан 43,5 мың теңгеге дейін өскенін атап өтті.
Қазірге дейін 77,8 мыңнан астам баланың ата-анасының есепшотына 3,4 млрд теңгеден астам қаражат аударылған.