Елімізде екі жәрдемақыны тағайындау мерзімі қысқарады

Қымбат Елтайқызы

Рәсімдеу процесі 7 жұмыс күнінен 1 күнге дейін қысқармақ

фото: Halyq Uni

Қазақстанда екі мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау мерзімі қысқарады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ведомство басшысының қолданыстағы бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрығының жобасын әзірледі. Ол жалпы ауруға шалдығу немесе жұмыста мертігу себептері салдарынан мүгедектігі бойынша жәрдемақы, сондай-ақ жерлеуге берілетін біржолғы жәрдемақы тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдерін қысқартуды көздейді. Құжат «Ашық НҚА» порталында 14 тамызға дейін жария талқылау үшін орналастырылған, деп мәлімдеді Еңбек министрлігі.

Құжатта жоғарыда көрсетілген жәрдемақыларды электрондық үкімет порталы арқылы немесе проактивті форматта тағайындау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін 7 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту көзделеді, – делінген хабарламада.

Бұйрық жобасын қабылдау болжамды әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және (немесе) өзге де салдарға алып келмейді. Бұйрық жобасымен толығырақ «Ашық НҚА» порталында мына сілтеме бойынша танысуға болады.