Қазақстандықтарға құмар ойынның зияны жайлы ескертіледі
Ескерту мәтіндері мен эскиздері букмерекерлік кеңсе тақтайшаларына іліне бастайды
Туризм және спорт министрлігі құмар ойынға және бәс тігуге қатысудың қауіптері мен зияны туралы ескерту мәтіні мен эскиздерін бекітеді. Бұл жайында «Ашық НҚА» сайтында жарияланған министрлік құжатында жазылған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Құмар ойынның зияны жайлы мәтіндер мен эскиздерді букмекерлік кеңселер мен конторалараға ілу міндеттеледі. Бұнымен қатар букмекерлік сайттарда осы ескертпелері бар эскиздер орналастырылады.
Бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес құмар ойынға және бәс тігуге қатысудың қауіптері мен зияны туралы ескертулердің мәтіні, құмар ойынға және бәс тігуге қатысудың қауіптері мен зияны туралы ескертулердің эскиздері бекітілсін, – делінген аталған құжатта.
Сонымен бірге, құжат түсіндірмесінде бұл мәтіндер мен эскиздер «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан заңына сәйкес келу мақсатында бекітілетіні айтылған. Бұнда құмар ойындарға және бәс тігуге деген шамадан тыс құмарлық жеке тұлғаға үлкен тәуекелдер мен зиян тигізетіні жазылады. Мәтін мазмұны келесілерден тұрады:
- Тәуелділік: құмар ойындарға қатысушы және (немесе) бәс тігу мінез-құлықты бақылауды жоғалтады және ойнауды тоқтата алмайды;
- Психикалық денсаулық: стресс, мазасыздық, депрессия және басқа психикалық бұзылулар;
- Әлеуметтік салдары: отбасымен, достарымен және әріптестерімен қарым-қатынастың нашарлауы және әлеуметтік оқшаулану;
- Жұмыс пен оқуға әсері: кәсіби қызмет пен оқуға теріс әсер етеді, өнімділік пен оқу үлгерімін төмендетеді.
Құжат «тәуекелдерді азайту үшін жауапкершілікпен ойнау, құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге жұмсалатын уақыт пен қаражат лимиттерін белгілеу, сондай-ақ тәуелділіктің алғашқы белгілерінде мамандардан көмек сұрау маңызды» деп қорытындыланған.