Темірханов кәсіпорын басшысынан 1,3 млн теңге пара алған
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мекеменің бөлім басшысы сотталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
17 маусымда Павлодар қаласы № 2 соты үкімімен Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы Темірханов 3 жылға бас бостандығынан айырылды, - делінген ақпаратта.
Ол өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жыл сайынғы тексерулер жүргізу кезінде жалпы қамқорлығы үшін кәсіпорын басшысынан 1,3 млн теңге сома пара алған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 10-бабына сүйеніп департамент басшысы мен оның орынбасары қызметінен босату туралы ұсыным берген. Екеуі де лауазымынан босатылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.