Halyq Uni логотип
×

Елімізде балаларға төленбеген алимент мөлшері 19 млрд теңгеге жеткен

400 мыңға жуық балаға алимент төленуге тиіс

 Қымбат Елтайқызы 24.07.2024 | 15:20
Елімізде балаларға төленбеген алимент мөлшері 19 млрд теңгеге жеткен
фото: Halyq Uni

Прокурорлар алимент бойынша қаскөй борышкерлердің жасырын табыстарын анықтап, оларды қылмыстық жауапқа тартып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Прокуратура органдары қадағалау жұмысында балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударады. Қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – алимент төлеуден жалтару. Биылғы жылдың 1 шілдедегі жағдайы бойынша, 253 мың қаскөй ата-ананың 367 мың бала алдындағы борышы 19 млрд теңгеге жеткен, деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Борышкерлер берешекті төлемеуді жұмыстың жоқтығымен ақтайды. Шынында да, олардың көпшілігі ресми түрде жұмыссыз және жұмысқа орналасу үшін шара қолданбайды. Іс жүзінде, қазіргі заманғы табыс көздері, такси және жеткізу қызметтері (Яндекс, Wolt, Glovo, Indriver) борышкерлерге еңбек шарттарын жасамастан кіріс алуға мүмкіндік береді, – деп толықтырды ведомство.

Әлеуметтік желілер де (Facebook, Instagram, Twitter, TikTok және YouTube) жақсы табыс әкелуі мүмкін. Мысалы, оқырмандары көп аккаунт иелері жарнамадан ақша табады.

Қаскөй борышкерлер балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында осындай табыстарын жасырып, ақшаны электрондық әмияндарда сақтайды. Қазір қызметтердің барлық саласы электронды төлем әдістеріне көшті. 2023 жылы Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 86,2%, транзақция көлемі 142,6 трлн теңгені құраған. Кірістер (ресми және ресми емес) карт-шоттарға түседі.

Балалардың мүдделерін қорғау мақсатында прокуратура органдары өз өкілеттіктері шегінде осындай жасырын табыстарды анықтау және борышкерлерді заңда белгіленген жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдап жатыр, – делінген хабарламада.

Астана прокуратурасы электрондық әмияндарда 350 млн теңгеден астам сомадағы өз ақшаларын жасырған 170 қаскөй борышкерді анықтады. Алимент төлеуден жалтару фактілері бойынша (ҚҚ-нің 139-бабы бойынша) 30 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, осыдан кейін 45 млн теңгеге берешек өтелді. Қылмыстық істердің нәтижелерімен 7 борышкерге бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыстарға тарту жазалары тағайындалды. 2 іс татуласуына байланысты тоқтатылды, тағы 20 істі полиция тергеп жатыр, 1 іс соттың қарауында.

Жалпы, жыл басынан бері прокурорлық қадағалау шараларымен 15,5 мың баланың құқықтары қорғалды. Сот орындаушылары олардың пайдасына алимент бойынша 2,3 млрд теңгеден астам қарызды өндірді. Алимент төлеуден жалтарған 1,7 мың борышкер қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама