Әкімдік арзан ұсынысты қабылдамай отыр
Алматыда көшеге орнататын жарықдиодты шамдарды сатып алуға мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланып, 669 млн теңге ұсынған фирма жеңіп шыққан. Алайда одан 203 млн теңгеге арзан ұсыныс берген мердігердің өтініші жауапсыз қалған. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілі Ербол Сардарбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қоғам белсендісінің жазуынша, 2024 жылдың сәуірінде қаланың Мемлекеттік активтер басқармасы көшенің 15 000 жарықдиодты шамын сатып алу бойынша конкурс өткізген. Бюджеттен оған 736 млн теңге бөлінген.
Сол конкурста 669 млн теңге ұсынған фирма жеңімпаз болып шығады. Алайда 466 млн теңге ұсынып, 203 млн теңге жеңілдік берген тағы бір мердігердің өтініші жауапсыз қалады.
Ербол Сардарбековтің сөзінше, мердігердің өтінішін өлшемдері, салмағы және қолданылғаны туралы мәлімет жоқ деген желеумен қабылдамаған. Мердігер қалалық сотқа жүгініп, жағдайдың керісінше екенін дәлелдейді. Сот конкурстың қорытынды хаттамасын заңсыз деп таниды.
Бір қызығы, басқарма бірінші мердігердің 94,7 млн теңгенің актілеріне қол қойып үлгерген.
Сонда біреудің өтініші кедергісіз қабылдану керек те, басқалары өз өтінішінің дұрыстығын сот арқылы дәлелдеп жүруі керек болғаны ма? Бұл мемлекеттік сатып алудағы тең мүмкіндіктер қағидасына қаншалықты сай келеді?, - деп жазды бірлестік өкілі.
Енді әкімдік те өздеріне қымбатқа түскен конкурстың дұрыстығын дәлелдеп, сот шешіміне шағымдануы мүмкін. Ондай жағдайда қала бюджетінің тиімді жұмсалу принципіне күмән туады.