Биыл екінші деңгейлі банктерге қарыз 18 трлн теңге болып отыр
Елімізде тұтынушылық несиенің сомасы шектелуі мүмкін. Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары белгіленген межеден асырып несие бере алмайды. Мұндай ұсынысты Қаржы нарығын реттеу агенттігі жариялап отыр.
Бұдан былай 8 миллион теңгеден жоғары несие берілмеуі мүмкін. Екінші деңгейлі банктерге кепілсіз несиені 2 мың 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінен артық беруге тыйым салынбақ. Ал ол теңгеге шаққанда, 8 миллион 122 мың 400-ді қамтиды. Микроқаржы ұйымы да 4 миллион 61 мың тегеден артық ақшаны рәсімдемейді. Мұндай шектеулердің кепілдендірілген несиелерге қатысы жоқ.
Кепілді несие беру сегменті тәуекелдің неғұрлым төмен болатынын ескере отырып, сомасын шектеу көзделмеген. Тиісті нормативтік құқықтық акті жобасын ашық құқықтық нормативтік актілер порталында жария талқылау үшін орналастырдық. Аталған өзгерістер ірі сомаларға кепілсіз тұтынушылық қарыздар беруді шектеуге мүмкіндік береді, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің бас маманы Нұрбол Айымқұлов.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің ақпарына сай, 1 мамырдағы дерек бойынша қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктер алдындағы қарызының көлемі 18 триллион теңге болған. Ал микроқаржы ұйымдарының алдында жеке және заңды тұлғалардың 1 триллион 300 миллиард теңге берешегі бар. Несиесін уақытылы төлей алмай жүргендер тағы бар. Бұған экономист Бақытжан Омаров несие беру сомасын шектеу қаржы нарығындағы компанияларға кері әсерін тигізеді деп отыр.
Мұндай шектеу екінші деңгейлі банктердің тұрақты тұтынушыларына кесірін тигізеді. Себебі кейбір қаржы ұйымдарында 100 миллион, 150 миллион теңге несие алып, оны оп-оңай төлеп жүрген тұтынушылары бар. Егер лимит қойылса, олар мүлде несие ала алмай қалуы мүмкін. Соның салдарынан кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтардың экономикалық жағдайы әлсіреуі ықтимал, – дейді экономист.
Несие сомасын шектеу туралы ұсынысты Қаржы нарығын реттеу агенттігі Ашық нормативтік құқықтық актілер порталына жариялады. Құжат 31 шілдеге дейін қоғам талқысында болады. Бұл ұсыныс қолдау тапса, онда екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары заңды түрде белгіленген шектен асырып несие бере алмайды.
Айта кетейік, қазір тұтынушыға қанша несие беретінін банктердің өздері шешеді.