Ол бір айдан астам уақытта 100 млн теңгеге жуық қаржы жинаған
Шымкент тұрғыны Instagram-да құмар ойындарды ұйымдастырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Шымкентте Instagram әлеуметтік желісі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастыру фактісі анықталды. Қала тұрғынының «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң талаптарын бұзып, тиісті лицензиясыз, заңсыз пайда табу мақсатында 2 аккаунттан тікелей эфирде «Лото» ойнатқаны анықталды, деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.
Лотерея ұтысы ретінде Toyota Land Cruiser Prado маркалы автокөлігі, Samsung, IPhone, Redmi смартфондары, зергерлік бұйымдар және тұрмыстық техника қойылды. Аталған заттар тәркіленіп, заттай дәлелдемелер деп танылды, – деп толықтырды ҚМА.
Сонымен қатар, ол лотерея билеттерін сату бойынша белсенді жарнаманы жүзеге асырған (1 данасы – 5000 теңге, 3 дана – 10000 теңге, 6 дана – 20000 теңге, 12 дана – 40000 теңге, 30 дана – 100000 теңге). Сатылған билеттерден түскен қаражатты өзінің карт-шотына және туыстарының шоттарына жинаған.
2023 жылғы 10 қыркүйектен 29 қарашаға дейін сатылған билеттерден түскен қаражаттың жалпы сомасы 96 млн теңгеден асты.
Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі бойынша алынған заттай дәлелдемелер мемлекет кірісіне тәркіленді.