Әкімдікке қарасты компаниядағы заңбұзушылықтарды қоғамдық ұйым анықтаған
Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Астана-Зеленстрой» ЖШС-ға жалпы құны 202 млн теңгеге жуықтайтын үш бірдей келісімшартын бұзуына тура келді. «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалы мемлекеттік сатып алу саласын бақылау барысында осы компаниядан мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде бірнеше заңбұзушылық анықтаған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Филиал басшысы Дархан Құлжамбековтің сөзінше, осы жылдың наурызының соңында тапсырыс беруші баға ұсыныстарын сұрау әдісімен жапырақты бұталардың көшеттерін сатып алуды жариялайды. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша тапсырыс беруші мен «ПРОМСЕРВИСРЕАЛ» ЖШС арасында қосымша құн салығын қоса есептегенде 83 688 640 теңгеге шарт жасалады.
Қоғамдық ұйым осы шарт «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 37-бабының талаптарына қайшы деген қорытындыға келген.
Өйткені шартта бірдей тауарлар көрсетілген, сондықтан тауардың бір түрі бірнеше лотқа бөлінбеуге және АЕК-тің 8 мың еселенген мөлшерінен аспауға тиіс (заңның 37-бабының 1-бөлігі).
Біздің өтінішіміз бойынша шарт біржақты тәртіппен бұзылды, деп жазды Дархан Құлжамбеков.
Сондай-ақ, оның жазуынша, жалпы құны 118 065 172 теңгеге тағы екі шарт бұзылған. Бұдан бөлек «Астана-Зеленстрой» ЖШС заңбұзушылықпен жасасқан 3 шарт бойынша қала прокуратурасына ұйым атынан және бір өтініш жолданған.