Halyq Uni логотип
×

Абай облысында 20 млн теңгеге жөнделген жолға қайтадан 1 млрд заңсыз бөлінген

Жол салу мен жөндеу саласында заң бұзушылықтар азаймай тұр

 Қымбат Елтайқызы 13.07.2024 | 13:31
Абай облысында 20 млн теңгеге жөнделген жолға қайтадан 1 млрд заңсыз бөлінген
фото: Halyq Uni

Антикор жол саласындағы тәуекелдерді анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Биылғы мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық жолдардың сапасыздығын атап өтті. Осыған байланысты Агенттік пен Үкіметке осы саладағы жемқорлық көріністерін жою тапсырылды, деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Жартыжылдық кеңейтілген алқа отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Асхат Жұмағали жол саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталғанын атап өтті. Ең алдымен, жұмыстарды жоспарлаудан бастап оларды қабылдауға дейінгі барлық құрылыс процесі зерделенеді, НҚА мен ҚНжЕ жемқорлық нормаларына, қақтығыстар мен олқылықтарға тексеру жүргізілді, – деп толықтырды Антикор.

Агенттіктің қылмыстық-құқықтық тәжірибесі көрсеткендей, ЖСҚ құнын асыра бағалау сапасыз материалдар, жабдықтар мен технологиялар пайдаланылатынын көрсетеді. Жұмысты толық көлемде орындамайтын үлестес және жосықсыз компаниялар тартылған.

«Жалпы, соңғы 3,5 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 65 жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеді. Олар бойынша залал шамамен 9 млрд теңгені құрады. Жұмыстың екінші бағыты – жолдардың ағымдағы құрылысына мониторинг жүргізу. Бүкіл ел бойынша 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген 217 учаске қамтылды. Агенттіктің ерекше бақылауымен 12 ауқымды жоба бар. Олардың әрқайсысына жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіретін жауапты тұлғалар бекітілді. Барлық өңірде қоғам белсенділері, сондай-ақ осы саладағы сарапшылар кіретін мониторингтік топтар құрылды», – деді ведомство.

Қазірдің өзінде талдау барысында заң бұзушылықтар анықталып жатыр. Мәселен, 5 өңірде 4,8 млрд теңге сомасына артық және қайталама жұмыстарды қосу жолымен сметаларды асыра бағалау анықталды. Ал 6 өңірде жүргізілетін жұмыстарды тиімсіз жоспарлау белгіленді. Мысалы, Абай облысында 20 млн теңгеге шұңқырлы жөндеу жүргізілгеннен кейін, сол учаскеде 1 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр.

Енді Көлік министрлігінің Жол активтерінің сапасы орталығының жұмысына ерекше назар аударылады. Орталық 4 өңірде ғана 526 заң бұзушылықты анықтады. Олар кейін жойылмады. Талдау қорытындылары туралы Президент пен жұртшылық хабардар етіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама