Елімізде кәсіпорындар қызметкерлеріне 2,9 млрд теңге қарыз
Жұмыс берушілерге 26,7 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Елімізде жалақы бойынша берешек сомасы 2,9 млрд теңгеден асады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
1 шілдедегі жағдай бойынша 190 кәсіпорын 11,2 мың жұмыскерге 2,9 млрд теңгеден астам сома қарыз.
Сонымен қатар түрлі ұйымда жүргізілген тексеру барысында 5,6 мыңға жуық еңбек құқығы бұзылғаны анықталды.
Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорын басшыларына орындауға міндетті 182 ұйғарым берілді және 26,7 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлады министрлік.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 9,5 мыңнан астам адамның құқықтары қорғалды. Оларға 2,2 млрд теңге төленді.
1 шілдеге дейін мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 549 тексеру жүргізген. Олар 5 607 заң бұзушылықты анықтаған.
Оның ішінде еңбек саласында – 4 067; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 485; халықты жұмыспен қамту бойынша – 55.
Жұмыс берушілер 276,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.