×

Несие алу үшін жұбайының келісімі қажет: өзгеріс 1 қыркүйекте күшіне енеді

Бұл талап қарыз көлемі 3,6 млн теңгеден асса ғана қолданылады

 Ербол Тұрымбет 11.07.2024 | 10:50
Фото: Halyq Uni

Несие аларда жұбайының келісімін қажет ететін заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Заң жобасы бойынша жеке тұлға банктен немесе микрокредит ұйымынан қарыз аларда жұбайының келісімін алуға тиіс болатын ең төменгі несие мөлшері бекітілмек. Қаулы 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген мың еселенген АЕК мөлшерінде банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының келісімі қажет болатын тұтынушылық банктік қарыздың немесе тұтынушылық микрокредиттің ең төменгі мөлшері бекітілсін, - деп жазылған құжат жобасында.

Демек, азаматтар 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) жоғары сомаға несие аларда жұбайының рұқсатын сұрайды.

Құжат 24 шілдеге дейін талқыланады.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов не себепті мұндай сома бекітілгенін түсіндірді.

Біріншіден, несие сомасын нормативті-құқықтық актінің аясында 1 мың АЕК (1 АЕК –3 млн 692 мың теңге) деңгейінде болуы керек деп анықтадық. Бұл – шамамен 3,7 млн теңге. Біздің ойымызша, бұл сома қандай да бір шұғыл қажеттілікті жабуға жетеді. Оның ішінде медициналық көмек мәселесін де шеше алады.

Екіншіден, Салық кодексі аясында 2025 жылдан бастап «Қазақстанның барлық азаматы 1 мың айлық есептік көрсеткіштен асатын активін табыс декларациясында көрсетуі керек» деген норма күшіне енеді. Оның ішінде шетелдік банктердегі есепшоттарда сақталған қаржы да бар. 1 мың АЕК міндетті түрде декларацияда көрсетілуі керек. Келісім несиенің мөлшері 3,7 млн теңге асқанда керек, - деді ол.

Сондай-ақ өзгерістерге сәйкес, кредитті төлеу мерзімін 90 күннен кешіктірсе, азаматқа банк те, микроқаржылық ұйым да несие бермейді.

Бұл шара халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендетуге бағытталып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама