Алайда депутат компаниясының кінәсін мойындамай отыр
БҚО-да құрылысына 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген жолға қатысты шу шықты. Тендерді жергілікті мәслихат депутатының компаниясы жеңіп алған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сөз болып отырған жол құрылысы БҚО-дағы Барбастау – Ақжайық – Индер аралығындағы 43 пен 93 шақырымдардың арасы. Әуелде жергілікті тұрғындар жол сапасына шағымданып, қоғамдық белсенділерді шақырған. Қоғамдық белсенділер жаңа жолдың кем-кетігін тізіп берген. «Әділдік жолы» РҚБ БҚО филиалының басшысы Бауыржан Зәки Ахметжан барып, қоғамдық бақылау жасап, келесі жағдайларға көз жеткізгенін айтты:
- жасалған асфальт жолдың беті тегіс емес, көп жері «толқынға» ұқсайды;
- жолды жөндеу 43 км-ден бастағандықтан және әрі қарай жылжуына байланысты ауыр жүк көліктері өздері салған жерлерді «жаншып, езіп» қайтадан бүлдірген;
- теп-тегіс жерлерде көлемі үлкен тесік-шұңқырлар өте көп;
- астыңғы төсеніш дұрыстап тұрып бекітілмеген, нығыздалмаған;
- жолдың екі шеті/жиегі жоқ, яғни тек саз балшықтан тұрады, бұл болса жол апатына әкеледі;
- былтыр жасалған/төселген асфальт тек осы қыстан кейін шыдамай шашылып, ыдырап, кесек-кесек болып, бұзылып жатыр;
- жаңадан асфальт төсеген кейбір жерлері жарылып, ойылып, оған «ағымдық жөндеу» жасап жатыр.
«ЖОЛ ТАСҚЫН СУДЫҢ САЛДАРЫНАН БҮЛІНДІ»
Жолды салып жатқан мердігер компания – Uniserv ЖШС бас директорының бірінші орынбасары әрі облыс мәслихатының депутаты Дінмұхамед Сәтбаев аталған жағдайды түсіндіріп берді. Ол облыс басқармасының «Shacman ауыр жүк көліктері инерттік материалдарды тасымалдағанда жөнделген жолды бүлдірген» деген мәліметін жоққа шығарды. Депутаттың айтуынша, 50 шақырым жол әлі салынып жатыр, мемлекетке жоспар бойынша биыл 31 қазанда тапсырылу керек.
Қазір сол 50 шақырымның 45 шақырымы асфальт қабатымен жабылған. Сол 45 шақырымның ішінде 12 шақырымының тек төменгі қабаты ғана асфальтпен жасалған. Бүлініп жатқаны да сол аралық екенін айтты. Ал бүлінуіне, оның сөзінше, Shacman жүк көліктерінің қатысы жоқ. Биыл өңірде болған үлкен су тасқынына байланысты салынып жатқан жолдың астыңғы жер қабаты қатты ылғалданып кеткендіктен, кей жерінде ақау пайда болған.
Жолдың екі жағынан су келіп, бір айдың шамасында солай тұрды. Оны тапсырыс берушілер біледі, ауыл халқы да көрді. Сол себептен шығып жатқан ақаулар. Мұндай болуы мүмкін екенін ескертіп, тапсырыс берушіге алдын ала ақпарат бердік. Жол басқармасы, бақылаушы органдар бар, бәрімен бірге комиссия құрып, ақау болған жерлерге барып, түгел белгілеп, хаттама толтырдық. Жол бітпей жатып екі жағына су тұрып қалды. Әлі үстіңгі қабаты жоқ, шеттері бекітілмеген. Ақау шыққан жерді бұзып, 30 метрге дейін ашып қарағанда астындағы жер қабатында 1 метр тереңдікке дейін ылғалданып кеткенін көреміз. Қазір сол жерлерде ақауларды жою жұмыстарын істеп жатырмыз. Оның өзі 300 млн теңгеден астам шығынға батырып жатыр, дейді компания өкілі.
Айта кетейік, қоғамдық белсенділер жасаған талдауында 2023 пен 2024 жылдың 1 тоқсанында «UNISERV» ЖШС-і бірінші орын алған. Сәтбаевтар отбасы басқаратын компания 23 млрд теңгеге 6 шарт жасасқан. ЖШС құрылтайшысы - Нұрғазы Сәтбаев БҚО мәслихатының бұрынғы депутаты. Ал туған інісінің ұлы Дінмұхамед Сәтбаев, мәслихаттың қазіргі депутаты. БҚО-ны Атырау облысымен жалғайтын осы жолды әрі қарай салуды да осы компания бір көзден алып отыр.
Сондай-ақ 04.03.2024 ж. облыс басқармасы мен «UNISERV» ЖШС-і «Барбастау-Ақжайық-Индер» автожолының 93-145 шақырымдар (52 шақырым) аралығын күрделі жөндеу үшін 20,2 млрд теңгеге шарт жасасқан.