Талдықорғанда азаматтар Qnet қаржы пирамидасына 200 млн теңге салған
Екі адамға сот үкімі шықты
Талдықорған сотында Qnet қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс барысында 2018 жылдың жазында М. және С. тәуелсіз өкілдердің сертификатын алып, Qnet халықаралық компаниясының сайтында тіркелгені анықталды.
Олар сол жылдан бастап Талдықорған мен Алматы облысының (қазір Жетісу облысы) аумағында қаржы пирамидасына қатысу үшін азаматтарды тартқан. Бұл жағдайда олар халықтың экономикалық сауаты төмен екенін пайдаланған.
Ол жерде азаматтар қаржы пирамидасына қатысу және Qnet компаниясында тіркелу үшін 690 мың теңгеден 860 мың теңгеге дейін жарна төлеуге тиіс болды. М. және С. әр адамға апта сайын 200 доллардан беруге уәде берген.
Осылайша, 155 азамат қаржы пирамидасында тіркелген. Жәбірленушілерге келген залал 200 млн теңгеден асты.
Сот үкімімен М. мүлкі тәркіленіп, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын жас баласының болуына байланысты 5 жылдан кейін өтейді.
Ал С. мүлкі тәркіленіп, 5 жыл 6 айға сотталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай қаласының №2 сотында Qnet қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған әйелге қатысты іс қаралды. Ал 2023 жылы Абай облысында «Qnet» қаржыпирамидасын ұйымдастырушылар 6 жылға бас бостандығынан айырылды.