Өңірде кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбай келген
Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз берілген жер телімдері мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы облыс прокуратурасы хабарлады.
Өңірде кәсіпкерлер 10,2 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұзақ уақыт бойы негізгі мақсаты бойынша пайдаланбаған.
Жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Сондай-ақ Қызылжар ауданында заңсыз берілген 47 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды.
Осылайша, мемлекетке құны 300 млн теңгеден асатын активтер өтті.
Бұған дейін «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының мүлкі мемлекетке қайтарылды.
2018 жылы 900 шаршы метрден асатын «Қорғас» багаж терминалының 90 млн теңгеге сатылғаны анықталды. Кейін 2023 жылы оның астындағы 1,9 гектар жер учаскесін 500 мың теңгеге уақытша пайдалануға қосымша сатып алу шарты жасалды. Алайда тараптар мүлікті сату ережелерін сақтамай, мүлікті бағалау бекітілген стандарттарды өрескел бұза отырып жүргізілген. Оның үстіне жер телімін иеліктен шығару ғимарат сатылған соң 4 жылдан кейін іске асқан.
Осыған байланысты прокурорлар бұл активтерді мемлекет меншігіне қайтару үшін сотқа жүгінген.