Алматы облысында 4,8 млрд теңгеден астам субсидия жымқырылған
Әкімдік жалған есеп беріп отырған
Алматы облысының прокуратурасы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын тексеру нәтижелері бойынша бюджеттік субсидияларды ұрлаудың, оларды заңсыз төлеудің және шаруаларға қаржыны «таңдау әдісімен» төлеудің жүйелі схемаларын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бас прокуратураның мәліметінше, субсидиялау саласындағы жымқырылған қаржы 4,8 млрд теңгеден асқан. Қадағалау актісі бойынша өтеу процесі басталып, бүгінде бюджетке 110 млн теңге қайтарылған.
Ауылдардағы әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асыл тұқымды жануарларды алу мақсатында селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 млрд теңге субсидияны ұрлаған. Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмай, құжаттар ресми түрде рәсімделіп, облыста асыл тұқымды мал саны ұлғайтылмаған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Облыс әкімдігі асыл тұқымды қойларды селекциялау бағдарламасын іске асыру нәтижелері бойынша 4 жылда олардың саны 1,9 млн-ға дейін ұлғайтылды деп есеп берген. Алайда, деректер тек қағаз жүзінде қалған. Тексеру барысында облыс бойынша асыл тұқымды қойлардың саны небәрі 367 мың бас екені анықталды.
Сондай-ақ, Ұйғыр ауданында әлеуметтік-өндірістік кооператив тіркелген малдары жоқ болғанмен, 2023 жылы селекциялық жұмыстарды жүргізгені үшін 45,2 млн теңге субсидия алғаны анықталды. Бұл үшін ол аудан тұрғындарының малын өзінікі ретінде көрсеткен. Әкімдік мал басының нақты сақталуына мониторинг жүргізбегендіктен, мемлекеттік бюджетке қомақты залал келтірілді.
Ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі 5 тергеу басталып, заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға 3 ұсыну енгізілді, – делінген хабарламада.