Сол себептен халықтың шығыны да көбейген
Бір жылда қазақстандық отбасылардың коммуналдық қызметтерге, үйді күтіп ұстау мен жөндеу жұмыстарына кететін шығындары 11%-ға өскен, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Өйткені елімізде тұрғын үй қызметтері, су, электр қуаты, газ бен басқа да отын түрлерінің бағасы биылғы мамырдың нәтижесі бойынша бір айда 0,9%-ға және бір жылда 17,6%-ға артқан, деп мәлімдеді energyprom.kz.
Бұған қоса айлық көрсеткіш бойынша, қоқыс шығару қызметінің құны 6,1%-ға, электр қуатының бағасы 1,8%-ға, тұрғын үйлерге қызмет көрсету және жөндеу қызметтері 1,7%-ға, су тарту жүйесінің құны 0,2%-ға өсті. Тұрғын үйді күтіп ұстау, тарату желілері арқылы таратылатынын ыстық су мен газ бағасы өзгеріске ұшыраған жоқ. Тіпті суық су құны (0,3%-ға), жылу бағасы (0,4%-ға) аздап төмендеді, – делінген деректе.
Ал жылдық көрсеткішке сәйкес, су тарту жүйесі қызметінің құны бірден 43,9%-ға артқан, суық су 35,9%-ға, ыстық су 35%-ға, жылу 33%-ға, электр қуаты 31,4%-ға, қоқыс шығару 31,2%-ға, тұрғын үйлерді күтіп ұстау және жөндеу қызметтері 10,8%-ға, тұрғын үйлерді күтіп ұстау 10,1%-ға, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ 9,1%-ға қымбаттаған.