ОСК референдум жарнамасы үшін БАҚ-қа 383 млн теңге төлеген

Ая Өміртай

Жалпы референдум өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге қаржы бөлінді

Фото; ашық дереккөз

Орталық сайлау комиссиясы референдум іс-шараларын БАҚ беттерінде жарнамалау үшін 383 млн теңге төлеген.

Zertteu research institute хабарлағандай, Орталық сайлау комиссиясы референдум туралы «ақпараттық материалдарды орналастыру және құру» үшін бірнеше медиа ұйымдармен 38 келісім-шарт жасасқан.

Осылайша ақпараттық порталдар, мерзімді басылымдар, республикалық арналар мен радиостанциялар референдум жарнамасы үшін қомақты қаржы алған.

Мемлекетік сатып алу сайтында екіжақты келісімшарттар 25 мамыр мен 1 маусым аралығында бектілген.

Мәселен, «Internet Portal Nur» ЖШС тендер келісімшартына сәйкес, Nur.kz пен Tengrinews.kz сайттарына «ақпараттық баннерді ілгені» үшін 24,5 млн теңге және 38,9 млн теңге алады.

«31 арна» телерадиокомпаниясы» ЖШС-іне референдум жөніндегі ұзақтығы 90 минут болатын «видеороликтерді орналастырғаны» үшін 19,5 млн теңге төленеді.

Конституцияға түзетулер енгізуге бағытталған республикалық референдум өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге қаржы бөлінді.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафинаның мәлімдеуінше, референдум өткізуге арналған 16,4 млрд теңгенің 79 пайызы ауқымды іс-шараға жұмылдыратын адамдардың жалақысын төлеуге жұмсалады.

Қаражаттың 21 пайызы дауыс беру учаскелерінің метариалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне, Орталық референдум комиссиясы мен учаскелік әрі аумақтық комиссиясының жұмысына, баспа өнімдерін даярлауға, ақпараттық сүйемелдеуге, сондай-ақ ел аумағында арнайы билбордтар орналастыруға арналған.