Вице-премьер әзірге бұл тек ұсыныс ретінде қарастырылып жатқанын айтты
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануды тоқтату мәселесіне түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Иә, сарапшылар мен қаржыгерлер, экономистерден зейнетақы қорындағы артық ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алуды тоқтату керек деген ұсыныстар түсіп жатыр. Себебі, ондағы қаржы кіріс болып саналады және оны адам зейнетке шыққанда алады....», - деді Тамара Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Вице-премьер бұл тек ұсыныс екенін, мәселе әлі қаралатынын жеткізді.
Бұл мәселе қаралып, талқыға салынады. Мұнда зейнетақы жинағындағы қаржысын ерте шешіп алғысы келетін азаматтар мен зейнеткерлердің мүддесі ескеріледі. Қазір біз бұл мәселені талқылаймыз. Қайталап айтайын, бұл әзірге тек ұсыныс. Ұсыныс бізге түсті. Уәкілетті орган жұмыс тобын құрды. Менің ойымша, 2-3 айда мәселе қаралады. Жылдың соңында тек ұсыныстар болады, - деп вице-премьер.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі тоқтатылуы мүмкін екенін айтты.
Еске салайық, 2021 жылдың қаңтарында Қазақстандағы салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсауға, сондай-ақ жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беру мақсатында пайдалануға құқық берді.
2021 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы шамамен 1,8 есе өсетіні хабарланды. Мәселен, егер 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, келесі жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпшіліктің пікірін ескеріп, Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.