Жалпы мектеп салуға 2,4 трлн теңге бөлінеді
2024 жылы жемқорлардан тәркіленген қаржыға 25 мектеп салынады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, оңтайлы және қолжетімді білім – инфрақұрылымы да білім сапасының бір бөлігі. Осыған байланысты апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін жою үшін бірнеше көзден мектеп салу қолға алынған.
Біріншісі, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Оның аясында 369 мектеп салынғалы отыр. Екіншісі, жемқорлық қылмысы аясында тәркіленіп, қайтарылған қаражат есебінен өткен жылы 36 мектеп салынса, биыл тағы 25 мектеп салынбақ, - деді Тамара Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және жергілікті бюджеттен былтыр 7 мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы 6 мектеп салынады.
Белсенділік танытып келе жатқан қосымша бір бағыт – бизнес инвестиция. Былтыр 56 жекеменшік білім ошағы іске қосылды. Жалпы, мұндай жеке меншік мектептердің саны бүгінде 667-ге жетті. Онда 250 мыңнан аса бала тәлім алып жатыр, - деді вице-премьер.
Үкімет басшысының айтуынша, жалпы мектеп салу үшін барлық көзден бөлінген қаражаттың 2 жылдық сомасы – 2,4 трлн теңге.
Сондай-ақ биыл 270 мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі.