Нұртай Сабильянов депутаттық сауал жолдады
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Абай облысындағы «Семей орманы» мекемесінің қызметкерлері жәрдемақы мен үстемақы ала алмай отырғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолданды.
Абай облысы бойынша «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағынан «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты»» республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне үстемақы төлеу, әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру мәселесіне байланысты хат келіп түсті, - деді Нұртай Сабильянов.
Депутаттың дерегінше, хатта төмендегі бірнеше мәселе көтерілген:
«Біріншіден, техникалық персоналға үстемақы төлеу мәселесі. Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына сәйкес мемлекеттік орман шаруашылығы қызметкерлеріне денсаулыққа және өмірге зиян келтіру қаупінің төнуіне байланысты жұмыс үшін 100%-ға дейін қосымша үстемақы беру қарастырылған.
Алайда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ техникалық персоналдарына – жүргізушілер, радиобайланыс операторлары, тракторшылар, өндірістік және әкімшілік үй-жайларды жинаушылар және тағы басқаларына (№131 ерекшелік қызметкерлеріне) үнемдеудің жоқтығына байланысты үстемақы толық төленбей отыр. Бұл мәселе шешімін табуы керек», - деді депутат.
Екіншіден, ауылдарда жұмыс істегені үшін қосымша 25% ақы қосу (үстемақы) мәселесі.
«Ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды адамдарға 25%-дан кем емес үстемақы төленуге тиіс. Абай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 7 ақпандағы № 32 қауылысына сәйкес басқарушы персонал және негізгі персоналға кіретін лауазымдар тізбесі бекітілген. Оған табиғат қорғау мекемелерінің мамандары мен қызметкерлеріне, ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды адамдар санаты енгізілмеген. Осы санатты аталған қаулыға енгізу қажет», - деді Нұртай Сабильянов.
Yшіншіден, қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақыларын төлеу мәселесі бар.
«Еңбек кодексіне сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесінің техникалық персонал санатына кіретін 1500-ге жуық қызметкер осы жәрдемақыны ала алмай отыр», - деді ол.
Сондай-ақ депутат орман шаруашылығы қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру керектігін атап өтті.