Рахат Әлиев пен Қайрат Сатыбалды күшпен тартып алған бизнесті иелеріне қайтару ұсынылды
Бас прокуратура тексеріс жүргізіп, әділеттілік орнатуы керек
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров ескі Қазақстанның ықпалды өкілдері Рахат Әлиев, Қайрат Сатыбалды мен оның әйелі Гүлмира Сатыбалды күшпен кәсіпкерлерден тартып алған мүлікті заңды иелеріне қайтаруды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке, Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды.
Зардап шеккен кәсіпкерлердің мәліметінше, 2000-жылдардан бері ескі Қазақстанның адамдары ұлттық буржуазияның табысты бизнесін рейдерлік күшпен тартып алуды жүйелі жолға қойған. Билік басындағы адамдар өздеріне қатысты жаза қолданылмайтынын пайдаланып, барлық құқықтық және моральдық нормаларды аттап, біреудің адал кәсібін озбырлықпен тартып алып отырған. Мұндай қара жүйені – Рахат Әлиев пен оның жақтастары қалыптастырған, - деді Ерлан Сайыров.
Депутаттың айтуынша, қазір осындай кәсіпкерлер мен олардың туыстары БАҚ-та тартып алынған бизнес пен мүлікті өздеріне қайтаруды талап етіп жатыр.
Осындай жағдайлардың көпшілігі қоғамға белгілі:
- Біріншіден, Нұрлан Бимурзин мен Меғдат Калиев бастаған бір топ кәсіпкер құны 170 млн доллар тұратын ірі бизнесін ескі Қазақстанның өкілдері қалай тартып алғанын айтты. Оның ішінде 7 мұнай базасы мен 96 жанар-жағармай станциясынан тұратын мұнай бизнесін 2003 жылы-ақ тартып алған. Ақпарат құралдарына сенсек, Жарқын Курентаев, Шолпан Каренеева, Асқар Утешев, басқа да азаматтар жоғарыда аталған адамның ашкөздігінің құрбаны болған.
- Екіншіден, дәл сол топ Қонаев қаласындағы «СТС» сияқты бірнеше демалыс орындары мен Түркістан облысындағы «Алтын-Бұлақ» санаторийін аяусыз тартып алған.
- Үшіншіден, рейдерлік басып алу арқылы Қайрат Сатыбалды мен оның әйеліне тиесілі топ Алматы қаласындағы Hilton қонақ үйін өздеріне заңсыз иемденіп алды.
- Төртіншіден, Германия азаматы Роберт Шумахерден ірі құрылыс компаниясы «ҚазГерСтрой» ЖШС-ын «қара» рейдерлік элементтерімен, қауіпсіздік күштерімен басып алды. Бүгінде аталған компания банкрот. Нақты әрекеттерге қарамастан Роберт Шумахер құрығанда қалған мүлікті де қайтарып ала алмай отыр. Шумахердің басына түскен қиындық мұнымен аяқталмайды.
- Бесіншіден, Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорны «Ақ құлын» ЖШС-ына шамамен 7 млн еуро инвестицияланды, 3 мың ірі қара мал базасы салынды, техника сатып алынды.
Депутат ескі Қазақстанның ықпалды азаматтары заңсыз жолмен тартып алған бизнесті заңды иелеріне қайтаруды ұсынды.
«Демократия мен нарықтың басты принципі – жеке меншікті қорғау принципі! Ешкімнің адамдардың тапқан-таянғанына қол сұғуға хақысы жоқ! Сондықтан Бас прокуратура аталған азаматтардың экономикалық мүдделерінің сақатуына нақты қадамдар жасап, олардың мүлкін қайтару жөнінде жұмыс жасауға тиіс, - деді Ерлан Сайыров.