«Бәрін ашық айтуға дайынбыз». QazaqGaz-да 123 млрд теңгеге қатысты заң бұзу дерегі дәлелденді
Тауарлы газды 6 есе қымбат сатқан делдал анықталды
QazaqGaz басқарма төрағасы Санжар Жаркешов ұлттық компаниядағы қордаланған мәселелер туралы айтты.
Мемлекет басшысының толық аудит ұйымдастыру және компания қызметінде транспаренттілікті қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, бүгінде 937 млрд теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заң бұзу деректері анықталған. Оның ішінде 123 млрд теңгесіне қатысты қаржылық заң бұзу жағдайы дәлелденген.
Бәрін ашық айтуға дайынбыз. Проблема көп, шешуге тырысып жатырмыз, - деді QazaqGaz басшысы үкімет сағатында.
Санжар Жаркешовтің сөзіне қарағанда, компания коммерциялық тұтынушыларға тауарлы газды өткізу саласында делдал құрылымдарды жою бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, QazaqGaz-дан газдың бір текше метрін 5,5 теңгеден сатып алып, кейін оның текше метрін 32 теңгеден өткізген делдал анықталған.
Бұдан бөлек, QazaqGaz басшысы Қазақстан газының экспортын 5 млрд текше метр деңгейінде сақтау керектігін айтты. Бұл өз кезегінде ұлттық компанияның шығынға батпауы үшін қажет екен.
Еске салайық, қаңтар оқиғасынан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешіміне сәйкес QazaqGaz ұлттық компаниясы АҚ директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Шешімге сәйкес, Әділбек Жақсыбеков, Қайрат Шәріпбаев және Мәлік Сәулебайдың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды.