СҚО-дағы аудандық балабақшада аса ірі көлемде ақша жымқырылған
Прокуратура мектепке дейінгі ұйымдардан бірқатар бұзушылықты анықтады
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары мектепке дейінгі ұйымдарға тексеру жүргізіп, бюджет қаражатын жымқыру, санитарлық және өртке қарсы ережелерді сақтамау салдарынан балалар құқығының өрескел бұзылғандығын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Айыртау ауданында мектепке дейінгі мекемеде 11,2 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын ұрлау фактісі анықталып, оған қатысты аудандық қадағалау органы Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Аққайың, Тайынша аудандарының балабақшаларында мемлекеттік тапсырыс бойынша себепсіз бақшаға бармаған балаларға (олардың ауырғандығы туралы медициналық анықтамасы немесе ата-анасынан арыз болмаған) қызмет көрсету үшін ақы төленген. Соның салдарынан бюджеттен 17 миллион теңге көлемінде қаражат негізсіз төленді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Облыстағы барлық дерлік балабақшада өрт және санитарлық қауіпсіздік саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарының жүйелі түрде бұзылуы анықталды.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 11 лауазымды адам тәртіптік және 32-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 17 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты өтелді.
Жыл басынан бері прокуратура кәмелетке толмаған 15 мың баланың құқығын қорғап, 300-ден астам лауазымды азамат түрлі жауапкершілікке тартылды.