Петропавлда алимент төлей алмай жүргендерге жұмыс ұсынылды
Прокуратураның бақылауында алимент төлеуден жалтарған 62 борышкер бар
Петропавл қаласы прокуратурасының бастамасымен шаһарда алимент төлемеушілер үшін «Бос орындар жәрмеңкесі» өтті.
Оның мақсаты – алимент бойынша борышкерлер мен пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру. Іс-шара қорытындысы бойынша 15 адам жұмысқа орналасты.
Жалпы, биыл прокуратураның үйлестіруімен 154 адам жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар прокуратураның бақылауында алимент төлеуден жалтарған 62 борышкер бар.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 21 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушімен татуласуға байланысты, 2 адамға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Бұдан басқа, Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 1 борышкердің бас бостандығы 1 жылға шектелді. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылмау үшін борышкерлерді алимент бойынша берешекті уақтылы өтеуге шақырамыз, - деп ескертті СҚО прокуратурасы.