104 млрд теңге жұмсалған «Қарағанды - Балқаш» автожолында биыл 13 адам көз жұмған
Қыруар қаражат жұмсалған күре жол ел арасында «Өлім жолы» аталып кеткен
Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде Қазақстан жол сапасы бойынша 138 елдің ішінде 108-орында тұр. Елімізде жол құрылысы саласында соңғы 5 жылда жасалған жемқорлық қылмысы саны да жүзден асқан. Елдегі автожолдардың ұлттық операторы – «ҚазАвтоЖол» АҚ-да жыл сайын бюджет қаражатын жымқырған бірнеше адам қамауға алынып келеді.
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловел назарын Қарағанды – Балқаш аралығындағы күрежолға аудартып отыр. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын автожолдың азабын үшінші жыл қатарынан жолаушылар, әсіресе жүк көлігі жүргізушілері тартып келеді.
Бірлестіктің мәліметінше, ұзындығы 363 шақырым болатын күре жолға әуелде 230 млрд теңге (қарыз) ақша қарастырылған. Соның 104 млрд теңгеден астамы жұмсалған автожолдың қаншалықты сапалы жасалғаны арнайы зерттеуді қажет етеді. Өйткені, ел арасында «Өлім жолы» деп аталып кеткен Қарағанды мен Балқаш арасында жол-көлік апатынан биыл бес ай ішінде 13 адам қаза тауып, 21-і жарақат алған.
Жол сапасын өз көзімен көріп қайтқан «Әділдік жолы» РҚБ өкілдері бірқатар кемшілікті тізіп қайтты.
«Жалпы жол жиегі кепілдік мерзіміне дейін жақсы жағдайда тұруы керек. Бұзылса жөнделіп, болмаса ауыстырылып, бастапқы қылпына келтірілуге тиіс. Қазіргі жағдайын алып қарасаңыз, жол жиегі мүлде жоқ. Асфальт бетінде ыдыраған тұстары жиі кездеседі. Арасы 4 метр сайын асфальттың кесекөлденең сынуы да жол қозғалысын қиындатады.
Асфальт бетінің бұдырланып кетуі де тым қауіпті. Мұндай санаттағы жолда 4 мм-ге дейін асфальт толқынының қалыптасуына жол беріледі. Ал одан асса, жолаушыларға тым қауіпті саналады. Тексерушілердің бағалауынша, ол толқындардың биіктігі кей жерде 7-9 мм аралығында, яғни шекті мөлшерден екі есе артық», - дейді «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры.
Одан бөлек, асфальт түсінің өзгеруі, үгітілуі сынды басқа да кемшіліктер толып жатыр екен. Соның бәріне 104 млрд теңге жұмсалған. Салынғанына жыл толмаған кұре жолдың қазіргі жағдайына қатысты жол құрылысына тікелей жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қайта тексеріс жүргізілмек.