×

«Теміржолшылар ХІХ ғасырдағы буткаларда өмір сүріп жатыр». Еділ Жаңбыршин ҚТЖ басшысын есеп беруге шақырды

Бүгінгі Мәжіліс отырысына ҚТЖ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев қатысқан жоқ

 Дәурен Ерболат 12.06.2024 | 17:44
Еділ Жаңбыршин, фото: facebook.com/edilzh

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Парламентке ұлттық компаниялардың басшыларын есеп беруге шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат пікірінше, көлік саласы – Қазақстан экономикасының драйвері.

Мемлекет басшысы бұған дейін бірнеше рет тапсырма берді. Бірақ бұл салада кемшілік көп. Жоғары аудиторлық палата төрағасының берген есебін қарасақ, бұл жер әбден жемқорлыққа батқан. Депутат Руслан Берденов дұрыс айтып отыр. Әсіресе, бұл ҚТЖ айналасындағы жағдайға қатысты. Оны біз емес, ел айтып жүр, - деді Еділ Жаңбыршин.

Мәжілісте көлік саласындағы мәселелер сөз болды.

«ҚТЖ-ға сұрақ көп. Бірақ ҚТЖ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың өзі жоқ. Өмірі келмеген. Парламентте 3 жылдан бері жұмыс істеймін, осы мәселе көтерілген сайын Сауранбаев келмейді. Ол кім өзі? (Компания) өмір бойы жемқорлық былығына батқан. Ол болса, мұнда келіп жауап бермейді. Біз QazaqGaz ұлттық компаниясын, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын талқылағанда басшылары келді. Ендеше ҚТЖ басшысы неге келмейді? Ол сонша кім еді?», - деді депутат.

Еділ Жаңбыршин ҚТЖ ұлттық компаниясында шешілмеген мәселе көп екенін айтты.

Барлығын кадр шешеді. Теміржолшылардың өмір сүріп жатқан буткасын қараңыздар. ХІХ ғасырдағы буткалар. Ұят емес пе?! ҚТЖ басшысы халықпен бірде-бір рет кездескен жоқ. Жұмысшылар қаншама рет ереуілге шықты, ешбіріне барған жоқ. Ол депутаттан сонша мықты ма? Бұл дұрыс емес, - деді Еділ Жаңбыршин.

Қазір ҚТЖ ұлттық компаниясының қарызы шамамен 3 трлн теңгеге жеткен.

«Менің ұсынысым бар. Парламентке ҚТЖ басшылығын шақыру керек. Бүкіл мәселесін майшаммен қарау қажет. Олар не істеп жүр? Мемлекеттің қаржысын ала береді. Басқа жерге ақша жетпей жатқан кезде оған құя береміз. Олар мұның бәрін қарызға шаша береді. Ондай менеджерлерді орнынан алу керек... Біз «Қазпошта» бастығын осында шақырып, осы жерде (есебін) тыңдадық. 15 млрд теңге минусқа кірген компания, 2 млрд теңге плюске шықты... Неге біз ҚТЖ компаниясын осылай істемейміз?», - деді депутат.

Еділ Жаңбыршин ұлттық компаниялардың басшыларын Мәжіліске шақыруды ұсынды.

«Ұлттық компанияларды (Парламентке) неге шақырмаймыз? Бәрін шақырайық. Мұнда «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компанияларын шақырайық. Конституция бойынша елдің байлығы халыққа тиесілі емес пе? Халық өкілдері осындар отырған жоқ па? Бәрін шақырып тыңдайық. Ақшаның бәрі қайда кетіп жатыр? Бұл олардың ақшасы емес қой. Әрқайсының бонусы, жалақысы, үйлері, көліктері қандай? Ол елдің ақшасы ғой. Күздегі сессияда ҚТЖ Парламентке дұрыстап дайындалып келсін.

Мәселесін дұрыстап қарайық. Әрбір ұлттық компанияны қарауымыз керек. Олар қашанғы мемлекеттің, халықтың байлығын қалтасына басып, шетелге, Дубайға, Еуропаға барып, коттедж, үй алып, шалқып жүреді. Біз халықтың жағдайын қашан ойлаймыз? Олардың айтқан өтірігіне сеніп, осылай отыра береміз бе? Олай болмайды», - деді ол.

Депутаттың пікірінше, ұлттық компаниялардың басшылары халықтан ұялуға тиіс.

Жоғары аудиторлық палата бәрін дұрыстап тексеріңіздер. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттің енді керегі жоқ. Елдің бетіне қалай қарайсыздар? Ұят емес пе? Қандай Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз? Сондықтан Парламентке ұлттық компаниялардың, трансұлттық компаниялардың бәрін шақырып, олардың мәселесін қарауымыз керек, - деді Еділ Жаңбыршин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама