Ол 3 жыл бойы өзіне артық жалақы мен бонустық төлемдерді есептеп келген
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында балабақша есепшісі 12 млн теңгені өз шотына заңсыз аударып алған.
ШҚО прокуратурасы «Катюша балабақшасы» КМҚК-ға жүргізілген тексеру барысында есепшінің 3 жыл бойы өзіне артық жалақы мен бонустық төлемдерді есептеп келгенін анықтады.
Штаттық кесте мен банк шоттарын салыстыру арқылы балабақша есепшісінің өз есепшотына барлығы 12 млн теңгеден астам ақшаны заңсыз аударғаны белгілі болды. Аталған факті бойынша Алтай ауданының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Соның барысында есепші өз кінәсін мойындап, келтірілген шығынды толығымен өтеген, - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Сот үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі («Сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін») бойынша айыпталушының 3 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді.
Үкім толықтай заңды күшіне енді.