Жарты жылда Ұлттық қордың инвестициялық табысы 464 млрд 429 млн 443 мың теңге болған. Бұл ақшаның тең жартысы 2025 жылдың басында «Ұлттық қор – балаларға» жобасының аясында 18-ге толмаған қазақстандықтардың шоттарына теңдей аударылады.
2024 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық қорда 29 трлн 114 млрд 766 млн 638,5 мың теңге болған. Қаңтар-маусым аралығында бұл соманың үстіне 2 трлн 645 млрд 486 млн 146,7 мың теңге түсім кірген.
Айта кетсек, Ұлттық қордың түсімдері мынандай алым-салық түрлерінен қалыптасқан:
- корпорациялық табыс салығы – 751 млрд 897 млн 712,5 мың теңге;
- үстеме пайдаға салынатын салық – 36 млрд 515 млн 343,7 мың теңге;
- бонустар – 121 млн 912,2 мың теңге;
- пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (роялти) – 534 млрд 438 млн 388,7 мың теңге;
- экспортқа рента салығы – 185 млрд 166 млн 969,7 мың теңге;
- өнімді бөлісудегі Қазақстанның үлесі – 580 млрд 523 млн 536,7 мың теңге;
- жер қойнауын пайдалануға салынатын баламалы салық – 88 млрд 329 млн 931,9 мың теңге;
- мемлекеттің мұнай ұйымдарына салатын әкімшілік айыппұлдары, өсім пұлдары, санкциялар мен өндіріп алулар – 784 млн 646,8 мың теңге;
- мұнай өндірісі келтірген зиянның орнын толтыруға алынған қаражат – 98 млн 191,4 мың теңге;
- ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларға тиесілі болған активтерді бәсекелес ортаға беруден түсетін түсімдер – 47 млн 441,5 мың теңге;
- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер – 15 млн 159,9 мың теңге;
- Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық кірістер – 464 млрд 429 млн 443 мың теңге;
- Қазақстан заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістер – 1 млрд 910 млн теңге.
Сонымен қаңтар маусым аралығында Ұлттық қорға 2,6 трлн теңгеден астам түсім кірсе, дәл осы аралықта 2 трлн 455 млрд 798 млн 866,3 мың теңге пайдаланылған. Нақтырақ айтсақ, 1 трлн 589 млрд теңгесі кепілдендірілген трансферт ретінде, 861 млрд теңгесі мақсатты трансферт ретінде жұмсалған.
Осылайша, Ұлттық қорда 1 маусымдағы жағдай бойынша 29 трлн 304 млрд 453 млн 918,9 мың теңге қалып отыр. Сонда жарты жылда Ұлттық қордың ақшасы 189,7 млрд теңгеге көбейген.