Халықтың 85 пайызы кредитте отыр - сарапшы (ВИДЕО)
580 мың адамның қарызы 90 күннен асып кеткен
Қазір жылдам несие алып, қарызға белшесінен батып жүрген жастардың саны арта түскен. Елімізде 580 мың адамның қарызы 90 күннен асып кеткен. Бұл туралы экономист-сарапшы Қайырбек Арыстанбеков Halyq Uni Yoytube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Халқымыз 20 млн ғой. Оның 10 миллионы – жұмыс істейтін азаматтар. Соның 8,5 миллионы қарыз алған екен. Қараңыз, қуырдақтың көкесі қайда жатыр?! Былайша айтқанда, халықтың 85 пайызы кредитте отыр. Сол 8,5 миллионнан 580 мың адамның қарызы 90 күннен асып кеткен. Демек, 20 миллион халқымыздың 580 мыңы қарызға кіріп кеткен. Үкіметтің міндеті – соларға көмектесу, – дейді Қайырбек Арыстанбеков.
Статистикаға сүйенсек, 90 күннен асып төленбеген берешек сомасы бүгінде 906 млрд теңгеге жеткен. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Алаяқтарға алданып, атына онлайн несие рәсімделгендердің де саны азаяр емес. Аталған тақырып төңірегінде білікті заңгер мен экономист-сарапшының бізбен бірлескен талқылауын назарларыңызға ұсынамыз.
Жоғарыдағы видеодан сұхбаттың толық нұсқасын көріп, пікір жазыңыздар!