Halyq Uni логотип
×

Астанада құрылысы созылған ЖЭО-3 салуға 116 млрд теңге жұмсалған

Жоба тағы қымбаттап жатыр

 Дәурен Ерболат 05.06.2024 | 12:40
Астанада құрылысы созылған ЖЭО-3 салуға 116 млрд теңге жұмсалған
Еділ Жаңбыршин, фото: parlam.kz

Астана қаласында құрылысы 11 жылға созылған ЖЭО-3 жобасын салуға 116 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалып жатыр.

Депутат Еділ Жаңбыршин «сақалды құрылыстың» жырын айтып, жобаның қашан бітетінін сұрады.

«Елордада ЖЭО-3 дейтін «сақалды қүрылыс» бар. Оның жобалау-сметалық құжаттамасына бірнеше рет түзету енгізілді. Жоба бірнеше рет қымбаттады. Былтыр Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова осы құжаттың 40% қымбаттағанын айтқан. Енді бұл құрылыс (ЖЭО-3) 2013 жылдан бері салынып жатыр. Сол жылы туған бала мүшел жасқа толды. Біз әлі күнге дейін маңызды әлеуметтік-өндіріс нысанын сала алмай отырмыз», - деді депутат.

Депутат сұрағын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке қойды.

Мендегі мәлімет бойынша, республикалық бюджеттен осы жобаға 116 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл құрылыс қашан бітеді? Жобаны аяқтауға қанша қаражат қарастырып отырсыздар? Бұл бітетін құрылыс па, бітпейтін құрылыс па?, - деді ол.

Министр жобаны аяқтауға тағы 2 жыл керек екенін айтты.

«Жобалық құжаттамаға сәйкес, станция құрылысының жалпы құны – 146 млрд теңге. Оның 141 млрд теңгесі республикалық бюджеттен. Бүгінде жобаға 116 млрд теңге бөлінді. Бұл ақшаға 4 қазандық пен бір бу трубинасының құрылысы аяқталды. Биылғы жылыту маусымына станция толық қуатта жұмыс істеді. Біз құрылысты толық аяқтауды 2026 жылға жоспарлап отырмыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама