×

Шымкентте де жеке сот орындаушы борышкердің ақшасын өз қажетіне жұмсаған

Борышкер талапкерге 1 млн 275 мың теңге төлеуге міндетті болған

 Еркеғали Болатұлы 05.06.2024 | 09:34
фото: Halyq Uni

Шымкентте жеке сот орындаушы берешекті өтеуге арналған 556 953 теңгені өз шотына аударып, ақшаны иемденіп алған, деп хабарлады қалалық прокуратура.

Сот шешімімен борышкер талапкерге 1 млн 275 мың теңге төлеуге міндетті болған. Бұл сома борышкердің айлық жалақысынан ай сайын өндіріліп, жеке сот орындаушының есеп шотына аударылып отырған. Алайда ол ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген.

Аталған факті бойынша жеке сот орындаушының үстінен Қылмыстық кодекстің 251-бабы 1-бөлігімен («Жекеше нотариустардың, бағалаушылардың, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың және аудиторлық ұйым құрамында жұмыс iстейтiн аудиторлардың өкiлеттiктердi терiс пайдалануы») іс қозғалды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылған.

Сот орындаушысы республикалық жеке сот орындаушылар палатасының мүшелігінен шығарылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Таразда жеке сот орындаушысының борышкерлерден өндірілген ақшаны жымқырғанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама