Halyq Uni логотип
×

СҚО-да 7 млрд теңгеге жоспарланған мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды

29 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылған

 Еркеғали Болатұлы 04.06.2024 | 14:56
СҚО-да 7 млрд теңгеге жоспарланған мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды
фото: Halyq Uni

СҚО-да жыл басынан бері қадағалаушы орган заң талаптарын бұза отырып жасалған 20 мемлекеттік сатып алудың күшін жойып, 7,1 млрд теңге болатын бюджет қаражатын шығындауға жол бермеді. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзу деректері бюджет қаражатының ұтымды жұмсалуын талдау аясында анықталған.

Мәселен, Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алу» және «ҚР сәулет-қала құрылысы, құрылыс қызметі туралы» заңдардың талаптарын бұза отырып, жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттарсыз, құрылыс бойынша 3,6 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алулар жүргізген.

Сондай-ақ Шал ақын ауданында экономика және қаржы бөлімі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның талаптарына қайшы келетін аула аумақтарын асфальттау бойынша мекенжайы мен жұмыс көлемін көрсетпей, 57,8 млн теңгеге сатып алу жүргізген.

Ал Есіл ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі заңның 21-бабын бұзып, сатып алынатын тауардың маркасын көрсете отырып, 113,8 млн теңгеге көмір сатып алған.

Жіберілген бұзушылықтар үшін 29 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде жетеуі мемлекеттік қызметтің беделін түсіріп, соның салдарынан төртеуі жұмыстан босатылды және үшеуінің қызметіне толық сәйкес еместігі ескертілді, - деді СҚО прокуратурасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама