Halyq Uni логотип
×

Спорт саласында жүйелі жемқорлық тәуекелдері анықталды

Антикор облыстық спорт және дене шынықтыру басқармаларының қызметін талдады

 Динара Амантай 30.05.2024 | 13:15
Спорт саласында жүйелі жемқорлық тәуекелдері анықталды
Фото: Halyq Uni

Антикор Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Талдау нәтижесінде мемлекеттік қаражатты тиімсіз жұмсауға және жымқыруға ықпал ететін ықтимал сыбайлас жемқорлық  анықталды. Орталық деңгейде сыртқы талдау Туризм және спорт министрлігінің қызметінде, өңірлік деңгейде облыстық спорт және дене шынықтыру басқармаларында жүргізілді.

2018 жылдан бастап спорт саласының бюджеті 2 есе өсіп, 1,4 трлн теңге болды. Алдағы 3 жылға тағы 1,3 трлн теңге бөлу жоспарланған. Елеулі қаржыландыруға қарамастан, Қазақстан олимпиадалық медальдық есептерде және Дүниежүзілік спорт рейтингінде төмен позицияларды иеленуді жалғастырып отыр. Сондай-ақ күдікті матчтар саны бойынша жемқорлыққа ұшыраған елдердің бірі болып танылды (Sportradar халықаралық ұйымының антирейтингінде 4-ші орында).

Талдауға сәйкес, ағымдағы жағдайға мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкелетін бірқатар факторлар ықпал етеді:

  1. «Жоғары жетістіктер» және «бұқаралық» спортты қаржыландыру арасындағы айқын теңгерімсіздік. Бұл ретте жоғары жетістіктер спортының бюджеті (340 млрд теңге) бұқаралық спортқа (35 млрд теңге) қарағанда 9 есе артық. Кәсіби спорт саласында ашық емес және субъективті төлемдер үшін жағдайлар жасалған, ал бұқаралық спортта қаражат бөлу рәсімі цифрландырылған, халықтың қажеттіліктеріне байланысты және атаулы сипатта болады. Жоғары жетістіктер спортында шетелдік ойыншылардың командаларға шақыру қалыпты жағдайға айналды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік азаматтарды алды, оның ішінде әрбір екінші ойыншысы (79) Отанына оралды;
  2. Спорт ұйымдары мен уәкілетті органдардың бөлінген қаржыны бақылаусыз және ашық игермеуі. Бұл ретте жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және спорт үй-жайларын жалға алуға қаражат бөлініп, спорттық жабдықтар мен экипировкаларды жоғары бағамен бір көзден алу тәсілімен сатып алуды іске асырылған. Іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдарға артық еңбекақы мен қосарланған қаржыландыру есептелген;
  3. «Самұрық-Қазына» АҚ спорт федерациялары мен кәсіби клубтарының қаражатының тиімсіз шығыстары. Кәсіби клубтардың пайдасыз ойыншыларына төлемдер, кәсіби клубтардың басшылығына жалақыны жоғарылату, 5 жұлдызды қонақ үйлерде орналастыру, оқу-жаттығу жиындары мен күмәнді агенттіктермен келісімдер жасау арқылы қаражат алумен байланысты жүйелік жемқорлық тәуекелдер анықталды. 6 жыл ішінде (2018-2023 жылдары) 4 кәсіподақ клубын қаржыландыруға «Самұрық-Қазына» АҚ 138 млрд теңге демеушілік қаражат бөлді («Астана» ФК - 50,1 млрд, «Барыс» ХК - 48,8 млрд, «Astana Qazaqstan Team» велотобы - 31,5 млрд, «Астана» БК - 8 млрд);
  4. Спорт ғимараттарын тиімсіз басқару. Соңғы 10 жылда 55 спорттық мемлекеттік ұйым жеке қолға берілді. Кейіннен сенімгерлік басқарушылар мен жаңа меншік иелері спортшыларды жарыстарға дайындауға және спорт ғимараттарын жалға беруге бюджеттен 83,8 млрд теңге алған;
  5. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікте жалған мәмілені іске асыру. МЖӘ-ні іске асыру және спорт ғимараттарын пайдалану желеуімен балаларға мемлекеттік сатып алу және балалар спортын жан басына шаққандағы қаржыландыру рәсімдерін айналып өту үшін қағаз жүзінде спорттық қызметтер сатып алынады. 2016 жылдан бастап спорт саласында 89,3 млрд теңгеге 77 МЖӘ жобасы іске асырылса, оның 62 млрд теңгесі бюджеттік инвестициялар арқылы төленді;
  6. Спорттық процестереі цифрландырудың болмауы. 2020 жылы Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізуге байланысты жоспарланған әзірлеу жұмыстары жүргізілмеген. Салдарынан бейінді министрлік қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректерге ие бола алмай отыр. Сондай-ақ спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебі жүргізілмейді.

Осылайша, спортты дамытуға бөлінетін қомақты қаражат мақсаттарға жетпейді және Қазақстан спорт инфрақұрылымы бойынша көрші елдерден едәуір артта қалады (UEFA және FIFA талаптарына сәйкес келмейтін стадиондар, БЖОМ жөнделмеген залдары және тағы басқасы).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама