Қазақстанда шенеуніктердің казиноға баруына тыйым салу үшін петиция жарияланды
Мемлекеттік қызметші қай ақшасына казиноға барады?
Қазақстанда шенеуніктер мен бюджет қызметкерлерінің казиноға баруына және құмар ойын ойнауына тыйым салу үшін петиция жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшілердің казиноға баруына және құмар ойын ойнауына тыйым салынбаған.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің этикасында жемқорлыққа шектеу сияқты талаптары бар, тек онда құмар ойын үшін ештеңе жоқ. Болашақта болатынына сенім жоқ. Себебі қазіргі күні күшті лобби шықты. Этика бойынша да тыйым қарастырылған, бірақ ол тәртіптік жауапкершілікке тартуды көздейді. Аталған петицияда құмар ойын ойнаған мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығаруды сұрап отырмыз. Қазірдің өзінде бұл норманы заңға енгізуге қарсы шыққандар бар. Депутаттар толық қолдап отыр, алайда үкіметте қарсылық көп. Бұл тек шенеуніктердің казиноға барып ойнауына ғана емес, онлайн казино ойнауға, тіпті бәс тігуіне тыйым салуды көздейді, - деді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда заңсыз баю үшін жауапкершілік жоқ. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің құмар ойынға ақшаны қайдан алғанын анықтау қиын.
«Ол заң тек 2027 жылдан бастап күшіне енеді. Егер бұл қазір күшінде болғанда, казиноға барып ойнаған ақшаның қайдан шыққаны анықталатын еді. Бүгінге дейін казинода құмар ойын ойнаған шенеуніктерге қатысты жаза жоқ. Сондықтан біз қазақстандықтарды осы петицияға қол қоюға шақырамыз. Егер 50 мың қол жинасақ, ол норма заңға енгізіледі. Өйткені министрлік оны қарастырып, халықтың талабы мен депутаттардың қолдауы барын ескереді», - деді Дидар Смағұлов.
Сонымен қатар ол петицияда мемлекеттік қызметшілермен қатар бюджет қызметкелеріне құмар ойын ойнауға тыйым салу қажет екенін атап өтті.
Біздегі ақпарат бойынша, казиноға ең көп баратын мемлекеттік қызметшілер – құқық қорғау органдарының өкілдері. Өзім демалыс уақытын жиі Бурабайда өткіземін. Сондағы казиноларға кім кіріп-шығып жатқанын көруге болады. Астананың сол жағалауының шенеуніктері көп жүреді. Жалпы, бұл петиция - жемқорлықпен күрестегі маңызды қадамның бірі. Біздің талабымыз барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілермен қатар, бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне де қатысты. Оның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлер де бар, - деді ұйым жетекшісі.
Маманның айтуынша, елімізде бюджет қаржысын казиноға жұмсау фактілері жиі кездеседі, соның бірнешеуіне мысал келтірді.
«Мен шенеуніктердің казиноға барғанын қалай ақтауға болатынын түсінбеймін. Егер олар тек өз қаржысына шашса бір сәрі, олар бұған бюджеттік ақшаны да жұмсап отыр. Мәселен, Алматы облысының ондаған полицейі казинода іссапарға, жалақыға және сыйлықақыларға деп жоспарланған миллиард теңгеге жуық қаржыны жұмсаған. Жамбыл облысының бір шенеунігі казинода шамамен 500 миллион теңге шашты. Ақтөбеде мектеп бухгалтері бюджеттің 413 миллион теңгесін біртіндеп өз шотына аударып, құмар ойынға салған. Осындай мысалдарды тізе беруге болады. Бұл сыбайлас жемқорлық істерін тергеу аясында анықталған фактілер. Осы уақытқа дейін Алматы облысының казиносына тек бір ресми тексеру жүргізілді және сол кезде 305 шенеуніктің онда жарты миллиард теңгені жұмсағаны анықталды. Халыққа қызмет етіп жүрген оларға осынша ақша қайдан келеді?», - деп сұрады Смағұлов.
Айта кетейік, қазақстандықтар шенеуніктер мен бюджет қызметкерлерінің құмар ойын ойнауына тыйым салатын петицияға қол қоя алады. Қол қою мерзімі 2024 жылғы 29 қарашада тоқтатылады.