Ақтауда шенеунікке 30 миллион теңге айыппұл салынды
Ол шаруа қожалықтарына субсидия алуға көмектескені үшін пара алған
Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары пара алды деп айыпталды. Ол шаруа қожалықтарына күн панельдерін орнатуға субсидия алуға көмектескені үшін ақша талап еткен. Бұл туралы жергілікті Лада.кз басылымы хабарлады.
Іс материалдарына сәйкес, шенеунік 2019-2020 жылдар аралығында ықпалдасқаны әрі көмек көрсеткені үшін жалпы сомасы 705 мың теңге пара алған.
Қылмыстық іске қатысы бар екінші азамат мемлекеттен субсидия алу үшін Qoldau порталында жалған келісім-шарттар жасап, ол жерде сатып алынған тауардың нақты құнынан жоғары бағаны көрсеткен. Мемлекетке келтірілген материалдық шығын 6 млн 903 мың 275 теңге болды.
Ақтау қалалық сотының үкімімен ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары кінәлі деп танылды. Оған белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, параның 40 еселенген мөлшері, яғни 28 миллион 200 мың теңге айыппұл салынды.
Оның сыбайласы үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, пробациялық бақылау белгіленді.
Тағы екі айыпталушы 367-баптың 2-бөлігі «Лауазымды тұлғаға қомақты мөлшерде пара беру» бойынша жазаланып, оларға параның 20 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды.