×

«Тырнақтағы бояу, желдеткіштің болмауы». Астаналық кәсіпкерлер айыппұлдың көбейгеніне шағымданды

Бизнеске салынатын айыппұлдың ең төменгі мөлшері – 840 мың теңге

 Айнұр Шошаева 23.05.2024 | 17:23
фото: Halyq Uni

Елордада жыл басынан бері қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне салынған айыппұл көлемі 300 пайызға артқан. Бұл туралы республикалық бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығы мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Астана мектептеріндегі тамақтануды қамтамасыз ететін ұйымдар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әрекетіне наразы. Олар департамент құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда жазаның мөлшерін дұрыс анықтамайды деп есептейді. Кәсіпкерлер аталған мәселені талқылау үшін қалалық кәсіпкерлер палатасына жиналды. 

Қауымдастық басшысы Марина Лаптеваның мәліментінше, тексеру кезінде қандай да бір олқылық анықталса, тек бизнес субьектісін жауапқа тартады.

Бизнес субьектісіне салынатын айыппұлдың минималды мөлшері – 840 мың теңге. Кәсіпкер персоналын барлық материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіп, тәртіпті түсіндіреді. Сәйкесінше, мұндай жағдайда жауапкершілікті қызметкерге жүктеуі керек. Астана қаласының тәжірибесінде жауапкершілік кәсіпкерлерге жүктеліп жатыр. Менің ойымша, бұл бюджетті толтыру үшін істеліп отыр. Себебі жеке тұлғаларға айыппұл 15 АЕК, жеке кәсіпкерге 230 АЕК-тен басталады, - деді ол. 

Сондай-ақ қауымдастық басшысы СЭҚ органдары бизнес иелеріне қатысты толтырылатын хаттамалар туралы айтты. 

«Санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуы тұтынушы ойлағандай мерзімі өткен тауар үшін немесе оларды дұрыс сақталмауымен байланысты емес. Едендегі кафель сынса, немесе сынық ыдыс болса айыппұл салады. Тіпті бір кәсіпкерге аспазы қолғапта болғанына қарамастан, тырнағындағы гель лак үшін айыппұл салып кетті. Тағы бір кәсіпкерге асханадағы желдеткіш жүйе дұрыс орнатылмағаны үшін хаттама толтырылды. Желдеткішті тендер өткізіп жөндеткен мектептің өзі, оны қабылдап алған комиссия бар. Желдеткішті кәсіпкер орнатқан жоқ. Бірақ айыппұлды сол төлейді. Бір хаттама мектептегі оқушы санының көптігіне байланысты толтырылған. Мектептегі оқушы санының нормадан көп болуына асхананы жалға алып отырған кәсіпкер кінәлі ме? Бәлкім, бұл қосымша мектеп салмаған басшылардың кінәсі шығар. Мұндай мысал көп. Мораторий аяқталғаннан кейін айыппұл салына бастады. Айыппұлды прокуратура арқылы өндіреді. Бастапқыда мақсат айыппұл салу емес, профилактикалық тексеріс жүргізу деп айтқан болатын», - деді Лаптева. 

Ал Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алинның айтуынша, жыл басынан бері қалада санитарлық нормаларға қатысты 110 хаттама толтырылған. Республика бойынша кәсіпкерлердің төлеген айыппұлы 100 млн теңгеден асады.

Кәсіпкерлер барлық процесті үнемі қадағалап отыра алмайды. Олқылық жұмысшы тарапынан да болуы мүмкін. Бұл ретте жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшерін ескеру қажет. Шағын бизнес иелері үшін айыппұл көлемі тым көп. Біздің мақсатымыз консенсусқа, яғни, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келісімге келу. Заңнамада тәртіп бұзушылық адам өміріне қауіп төндірмеген жағдайда ескерту жасауды көздейді. Алайда, тәжірибе санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары ескерту жасамай, бірден айыппұл салып жатқанын көрсетіп отыр, - деді Алин. 

Қауымдастық мұндай тәжірибе Астанада ғана бар, қалған өңірлерде жоқ дегенді алға тартты. 

«Өткен жылмен салыстырғанда айыппұл көлемі 300 есе көп. Жыл соңына дейін бұл сома миллиард теңгеге жетеді. Бұл баптың қатаңдығы туралы мәселені республикалық кеңесте көтердік. Бұл мәселе шешімін табады деп үміттенеміз. Қазір мәжілісте айыппұлды 30 пайызға азайту туралы мәселе көтеріліп жатыр. Бірақ дәл қазір біз үшін ештеңе шешіліп жатқан жоқ. Өйткені қияр мен шұжық тоңазытқышта қатар жатқаны үшін жарты миллион теңге айыппұл төлеу тым қымбат. Кез келген мәселеде ақылға қонымды шешім болуы керек. Біз заң тұрғысынан Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті дұрыс істеп жатқан жоқ деп есептейміз. Еліміздің барлық өңірінде бұл тәжірибе дұрысталды, тек елордалық департамент елемей отыр. Қызметкері заң талабын бұзса да, кәсіпкерді жазалау қаншалықты қисынды? Бизнес бәрі сәйкес болуы керек дейді. Біз тәжірибе республика бойынша біркелкі болғанын қалаймыз», - деді Марина Лаптева. 

Бұл мәселеге қатысты санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының өз айтары бар. 

Хаттаманы толтыру кезінде кәсіпкер аталған мәселе бойынша сотқа жүгінетінін айта алады. Айыппұл салынған мектеп асханаларындағы кәсіпкерлер қысқа мерзімде айыппұлдың жарты сомасын төлеу құқығын пайдаланды. Сондықтан қандай да бір шағымдары болса, хаттаманың шешімін сотқа бере алады, - деді Астана қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сарқыт Бейсенова. 

Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабына сәйкес, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаған заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті белгілейді, жеке тұлғалар үшін – 30 АЕК (110 760 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады, ал бизнес субъектілері үшін ол кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 230-дан 1600 АЕК-ке дейін (1 144 520 теңгеден 5 907 200 теңгеге) айыппұлды көздейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама