Қала күніне мәдени іс-шаралар өткізуге кімдер жауапты екені айтылды
Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесіне қатысты көп әңгіме айтыла бастады. Мәселен, экс-президенттің Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төрағалық етуін тоқтату туралы конституциялық заңдарға қол қойылды. Бұдан былай ҚХА мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы тұлғаға қарай емес, қызметіне қарай президентке тиесілі болады.
Конституциялық кеңеске Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тарихындағы рөлі туралы мәртебе беретін норманы Конституциядан алып тастау жөнінде өтінім жіберілді.
Қысқасы, экс-президентке қатысты заңнамалық құжаттарға өзгеріс енгізіліп жатыр.
Айта кетсек, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні елорда күнімен тұспа-тұс келеді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде 10 маусымда мерекеленіп келді. Кейінірек Парламент депутаттары заңға тиісті түзетулер енгізіп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.
Осы реттте Halyq Uni тілшісі Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне бірқатар сауал жолдап, биыл қала күніне қатысты қандай өзгерістер болатынын сұрады.
Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының ресми жауабында елорда күні уақытылы (6 шілде) тойланатыны хабарланып, қала күніне орай әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шаралар өткізуге бюджеттен қаражат қарастырылмағаны айтылды. Жоспарда концерттік бағдарламаларды Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасына қарасты мекемелерінің (цирк, театр, филармония, мұражайлар, кітапханалар, Жастар сарайы) күшімен ұйымдастыру қарастырылып отыр екен.
Қала күніне қатысты бекітілу үстіндегі жоспарда отшашу да қарастырылмаған. Отшашу болатын жағдайда, әдеттегідей демеушілердің қаражатынан ұйымдастырылатынын хабарлаймыз. Елорда күніне Ресейден және басқа елдерден әншілердің шақырылуы жоспарланбаған, - делінген басқарманың ресми жауабында.
Қалалық мәдениет басқармасындағылар елорда күні тойланып бастағалы қанша қаражат жұмсалғаны туралы сауалға жауап берген жоқ.