«Көгалдандыруға жұмсалған қаржының нақты есебі болмайды». Астанада биыл 40 млрд теңге бөлінген

Ая Өміртай

Германиядан 1854 көшет сатып алынды

Биыл Астана әкімдігі қаланы көгалдандыру жұмыстарына 40 млрд теңге бөліп отыр. Бұл сомаға қалада 1 млн түптен астам жасыл желек отырғызылады. Тіпті 1854 көшетті Германиядан сатып әкелмек. Германиядан сатып алынатын бір көшеттің құны – 350 мың теңге. Осылайша Еуропадан көшет сатып алуға 650 млн теңге жұмсалып отыр.

Бұл жайында мәслихат депутаты Бауыржан Смаилов Facebook желісіндегі парақшасында жариялады. Аталған ақпарат Астана қаласының құрылыс, экология, көлік және ТКШ мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында белгілі болған.

Сонымен, соңғы үш жылда Астана қаласын көгалдандыру жұмысына қанша қаржы бөлінгендігін анықтап көрдік.

Астана қаласы мәслихатының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы № 274/36-VII шешімімен:

  • 2024 жылы 37 млрд теңге бөлінсе;
  • 2023 жылы 55 млрд теңге жұмсалған;
  • 2022 жылы 16 млрд теңге іске асырылған.

БЮДЖЕТТІ НАҚТЫЛАУ ӘЛІ ЖАЛҒАСАДЫ – САРАПШЫ

Экономист Жанат Нұрғалиев Астананы көгалдандыру жұмыстары 40 млрд теңгемен тоқтап қалмайтынын, бюджетті нақтылау кезінде қаржы көлемі әлі артуы да мүмкін екенін айтады.

Cәуір айындағы деректерге сүйенсек, 2024 жылы 40 млрд теңге бөлінген. Былтыр бюджеттік бағдарлама бойынша 55 млрд теңге бөлінген. Жыл аяғында бюджетті нақтылау деген болады. Соның аясында бұл сомаға тағы да қосылуы мүмкін, - дейді INTEGRITY ASTANA коммерциялық емес ұйымының басшысы Жанат Нұрғалиев.

Ал Астана көшелерін көгалдандырумен айналысып жүрген жұмысшылардың бұл қаржыдан бейхабар болып шықты. Сондай-ақ олардың жалақысы Германиядан алдыратын бір түп көшеттің құнынан екі есе аз болып шықты.

Көгалдандыру жұмысы наурыз айында басталған. Осы айда 180 мың теңге (жалақы) алдық. 100 мың теңге азық-түлікке, күнделікті жүрісімізге, бала-шағамызға жетпейді. Біз берген ақшасын ғана аламыз ғой, - деп жауап жұмысшылардың бірі.

Ал Астана тұрғындары бөлінген соманың тым қомақты екенін, қалада шешімін табуға тиіс басқа да әлеуметтік мәселелер көп екенін айтты. Сондай-ақ басқа өңірлерді су басып жатқанда көгалдандыруға 40 млрд теңге бөлінгенін әбестік деп санайды.

Тым қомақты сома. Бүгінгідей су тасқыны кезінде көгалдандыруға осынша ақша бөлу деген...Оның орнына мұқтаж отбасыларға көмек беру керек еді. Шешілуі керек мәселе көп, - деді қала тұрғындарының бірі.

ЗАҢ БҰЗЫЛҒАНЫН АНЫҚТАУ ҚИЫН – САРАПШЫ

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілі Ербол Сардарбековтің айтуынша, көгалдандыру жұмыстарының заңдылығын мемлекеттік сатып алу порталында тексеру өте қиын. Сондай-ақ сарапшы сатып алудың 80 пайызы бәсекесіз жолмен игерілетінін айтты.

«Бұрынғы тәжірибеге сүйенсек, мәслихат шешімімен тендер өткізеді. Бұл жұмыстар мемлекеттік сатып алу порталында өтеді. Құқық бұзу болғанын анықтау қиын. Себебі, бірнеше жұмыс санатынан тұрады. Атаулары да әртүрлі, жеке-жеке көрсетілуі мүмкін. Сондықтан жұмыс нәтижесін физикалық түрде тексермесе, портал арқылы анықтау мүмкін емес. Қылмыстық іс қозғау үшін, алдымен залал келуі керек. Мұнда көгалдандыру жұмыстарында адамның кінәсі бар-жоғын анықтау қиын. Өйткені өсімдіктің тамыр алмауы сияқты сыртқы факторлар әсер етеді.

Қаржы бөлінгенімен, заң бұзушылықтарды анықтау қиынға түседі. Тендерді барлық көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына қатысты конкурс ашық түрде өткенімен, кейбір әкімдіктер квалификациялық еңбек ресурсын тым көтеріп тастайды. Басқа мердігерлер қатыса алмайтындай "жағдай істеп" қоюы мүмкін. Астана қаласында да дәл солай – "Астана-Зеленстрой" команиясы көп ұтады. Соның аясында ғана жүріп отыр», - деп атап өтті «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директорының орынбасары Ербол Сардарбеков.

Сарапшы атап өткендей, тұрақтылық критериі бойынша шағын компаниялар бәсекелестіктен өте алмайды. Осылайша, әкімдік мемлекет меншігіндегі, миллиардтаған долларлық айналымы бар компаниялардың мүддесіне лобби жасауы мүмкін. Мәселен, бюджеті миллиардтан асатын сатып алулар бойынша «Астана-Зеленстрой» компаниясы бірнеше жыл қатарынан конкурс жеңімпазы болып, жалпы бюджеттің 80 пайыздан астамын игеріп келеді.

Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте қаланы көгалдандыру ісінің біртұтас тұжырымдамасы жоқ екенін айтып сынға алды.

Дұрыс күтім болмаған соң, қала аумағындағы көшеттер қурап жатыр. Бір маусымдық гүлдерге жыл сайын шығындану – қаржыны желге шашу деген сөз. Әкімдікке үш жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуді тапсырамын, - деді Тоқаев.

Сарапшы Жанат Нұрғалиев көгалдандыру бойынша атқарылған жұмысқа есеп беретін арнайы база болмағандықтан, жыл сайын бөлінген қаржының нақты есебі болмайтынын айтты.

«Ақпарат жоқ. Мемлекеттік сатып алу порталында техникалық сипаттамасында қанша ағаш отырғызатындығы жазылмайды. «Жасыл аймақтар» реестері деген жоқ. Қай ауданда қанша көшет отырғызылды, ондай деректер жоқ. Бұрынғы әкім жоспарлағанымен, жүзеге аспады. Тиімсіз жұмыс болған жағдайда іс прокуратураға беріледі. Бірақ бүгінге дейін іс қозғалған жоқ. Жыл сайын ақша бөлінеді, жұмсалады, сонымен қалады», - дейді Жанат Нұрғалиев.