«Резервте тағы 54 млрд теңге бар». Үкімет Атырау облысына қосымша қаржы бөлуге дайын
Қаржы министрінің орынбасары ешкім көмексіз қалмайтынын айтты
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Үкімет резервінде 54 млрд теңге барын, бұл қаржының бір бөлігін Атырау облысындағы су тасқыны салдарын жоюға бөлуге болатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алдымен министрдің орынбасары Құлсары қаласында тасқыннан үйі бүлінген тұрғындарың шығынын есептеу мәселесіне тоқталды.
«Заңға сәйкес, Үкіметтің №13.58 деген қаулысы бар. Сол қаулыда «Егер қандай да бір жарамды үйлер болса, тиісті бағалау жүргізіліп, сол бағалау құны берілетіні» жазылған. Оның қандай да бір максималды шегі жоқ. Максималды шек үй заттарына – тоңазытқыш, теледидар секілді тұрмыстық заттарға 150 АЕК (553 800 теңге, 1 АЕК – 3692 теңге) көлеміне дейін беріледі. Одан аспауы керек», - деді Дәурен Темірбеков.
Министрдің орынбасары табиғи апат салдарынан үйге келген шығын сомасы бағалауда көрсетілсе, сол ақшаны мемлекет төлеуге тиіс екенін атап өтті.
Үйлердің көбі (су тасқынынан кейін) жөндеуге келмейді. Мысалы, «Қазақстан халқы» қоры бес облыста 650 үй салады. Қазір бүкіл әкімдіктермен тиісті меморандумға қол қойды. Бұдан бөлек, жөнделетін үйлердің шығынынды да мемлекет толық көлемде өтеуге тиіс, - деді ол.
Дәурен Темірбеков су тасқынынан келген шығын көлемі есептеліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ қажет болса, Үкімет резервінен Атырау облысына тиісті қаржы бөлуге болатынын айтып қалды.
«Қазір жалпы (су тасқынынан зардап шеккен) 24 мың отбасыға 100 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем төленді – шамамен 9 млрд теңге. Бұл – жергілікті әкімдіктің қаражаты.
Сондай-ақ Үкімет резервінен тек 405 млн теңге бөлінді. Қаржы Атбасар қаласынан 35 үйді сатып алуға бөлінді. Қазір Үкімет резервінде 54 млрд теңге бар. Мысалы, жол жөндеу, көпір салу үшін тиісті құжаттар керек. Қазір оларды дайындап жатыр.
Құрылыс және өнеркәсіп министрлігі өтінім беріп, біз оған тиісті қаражатты бөлеміз. Оған біз дайынбыз. Жетпесе, тағы резервті көбейтіп, бәрін орындаймыз.
Резервте 54 млрд теңге бар. Керек болса, басқа резервтен шұғыл шығын ретінде есептеп, төтенше жағдай салдарын жоюға бөле аламыз. Мұның бәрі Үкіметтің қолында...
Атырау облысынан Қаржы министрлігіне әзірше өтінім түспеді. Егер осындай қажеттілік болса, міндетті түрде бұл мәселені шешеміз. Қаржы бөлуге дайынбыз», - деп сөзін түйіндеді вице-министр.