×

Елімізде орташа жалақысы 1 млн теңгеден асатын салалар аталды

Жалақы мөлшері бойынша сөзсіз көшбасшы – «Темекі өнімдерін өндіру» саласы

 Еркеғали Болатұлы 15.05.2024 | 16:11
фото: Halyq Uni

Қазақстанда орташа жалақы – 382 279 теңге. Алайда кейбір саланың мамандары орташа есеппен 1 миллион теңгеден астам жалақы алады.

Қорытынды сома елдің аймағына, сондай-ақ қызметкердің мамандығына байланысты. Мәселен, балық және балық шаруашылығы саласында орташа жалақы небәрі 134 621 теңгені қамтыса, жалпы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы – 212 300 теңге шамасында.

Дегенмен Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кейбір мамандар елдегі орташа деңгейден айтарлықтай көп жалақы алады. Мысалы, тау-кен және карьерлерді қазу салаларында жұмыс істейтіндерге орташа есеппен 864 029 теңге жалақы төленеді. Алайда бұл рекорд емес.

«Компьютерлік бағдарламалау, кеңес беру және басқа да ілеспе қызметтер» саласының мамандары әлдеқайда көп (орташа есеппен 938 377 теңге) алады. Бұдан да бай, «миллионер мамандықтарды» табуға болады. Мысалы, кеншілер мен ІТ қызметкерлеріне қарағанда, «Теңіз және жағалаудағы жүк көлігінің қызметі» саласындағылардың орташа жалақысы – айына шамамен 1 028 881 теңге. Айта кетейік, ол орташа жалақысы 510 648 теңге болатын «Көлік және қоймалау» санатына кіреді.

«Миллионерлер» тізіміндегі «Бас компаниялардың қызметі; басқару мәселелері бойынша кеңес беру» саласындағы орташа жалақы 1 102 220 теңге болды.

Сондай-ақ «Қаржылық қызметтер және сақтандыру саласындағы қосалқы қызметте» орташа жалақы – 1 213 112 теңге, ал «Міндетті әлеуметтік қамсыздандырудан басқа сақтандыру, қайта сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыруда» – 1 372 158 теңге. Бұл екі сала да «Қаржылық және сақтандыру қызметі» санатына кіреді, онда орташа жалақы 780 876 теңгеге тең.

«Шикі мұнай және табиғи газ өндіру» саласында орта есеппен 1 476 869 теңгеден төленеді. Ал жалпы «Өнеркәсіп» санатында орташа жалақы 546 968 теңгені ғана қамтиды. Алайда жалақы мөлшері бойынша сөзсіз көшбасшы – «Темекі өнімдерін өндіру» саласында орташа есеппен 1 646 590 теңге төленеді. Бұл – «Өңдеу өнеркәсібі» санатындағы жалпы орташа жалақыдан 3,6 есе (айына 450 501 теңге) көп.

Осылайша, Қазақстанда үлкен жалақы тек ресурстарды өндіру саласында ғана берілмейді. Дегенмен орташа номиналды жалақы әрбір қазақстандық алатын нақты соманы көрсетпейтінін есте ұстаған жөн. Бұл жалақысы ең жоғары салаларға да қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама