×

Мәжілісте статистикалық деректердің шындыққа сәйкес келмейтіні айтылды

Ең төменгі күнкөріс деңгейі 115 мың теңге болуға тиіс

 Дәурен Ерболат 15.05.2024 | 15:53
фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов Қазақстандағы статистикалық деректер шындыққа сәйкес келмейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.

Конституцияда Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекеттік деп жариялаған. Оның ең басты байлығы – адам, оның өмірі, құқығы және бостандығы. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы есептік көрсеткіштердің әлеуметтік қорғау стандарттарын қайта қарау керек деп санайды. Ең төменгі күнкөріс деңгейі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мүгедектiгi және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыны, мүгедек баланы тәрбиелеушілерге тағайындалған жәрдемақыны белгілеуге негіз болып отырғандықтан, ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау әдістемесі өмір сүру сапасының базалық стандартына жауап беруі керек, - деді депутат.

Оның пікірінше, еліміздегі азық-түлік себетіне енгізілген тауарларды қайта қарау керек.

Бүгінде онда 43 азық-түлік тауары бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бұл бір тәуліктегі энергетикалық қажеттіліктің 2 175 ккалын қамтамасыз етеді. Азық-түлік санын 43-ке дейін төмендетуді негізсіз деп санаймыз. Себебі Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 9 желтоқсандағы «Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларын бекіту туралы» №503 бұйрығында 64 түрлі азық-түлік атауы белгіленген. Біз бұл көрсеткішті де аз және халықаралық стандарттарға жауап бермейді деп санаймыз. Еліміз дамыған елдермен терезесін теңестіруге ұмтылуы керек. Мысалы, Францияда бұл көрсеткіш 500-ден аса тауардан тұрады, - деді Асхат Рақымжанов.

Сондай-ақ депутат бүгінде ең төменгі күнкөріс деңгейі 115 мың теңге болу керектігін, кейбір статистикалық деректер шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қазақстандағы азық-түлік бағасына мониторинг жүргізеді. Біздің есебімізге сәйкес, биыл мамырдың басында орташа есеппен алғанда азық-түлікке 63 641 теңге жұмсалады. Мұны ескерсек, елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 115 710 теңге болуға тиіс. Статистика органдары басқа сандар беріп отыр. Сондықтан мемлекеттік әлеуметтік қорғау саласына жаңа бағыт қажет, - деді ол.

Бұл ретте Асхат Рақымжанов жаңа азық-түлік себетін қалыптастыру үшін арнайы жұмыс тобын құру керек деген ұстанымда.

Айта кетейік, бүгінде елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама