Тасқыннан кейін 13 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қолдауға ие болды
Бүгінде 22 475 өтінім қабылданды
Елімізде ауқымды су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу процесі жалғасып жатыр. Үкімет аталған жұмысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және республиканың басқа да бірқатар облысының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштер беріп жатыр. Бүгінде 22 475 өтінім қабылданды.
Биылғы 29 сәуірдегі жағдай бойынша 13 259 отбасы 4,8 млрд теңгеден астам 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Мал шығыны үшін төленетін өтемақы көлемі 278 млн теңгеге жетті.
Бүгінде зардап шеккен өңірлерде 3 956 тұрғын үй тексеріліп, 2 649 нысан бойынша бағалау жұмыстары жүргізілді. 524 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуге 670 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
Келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және Үкіметтің қатаң бақылауында. Президент тапсырмасы бойынша зардап шеккен азаматтардың барлығына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.