Залалды өтеу жұмысы ашық жүргізілуге тиіс
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев тасқын салдарынан су астында қалған саяжай иелеріне өтемақы беруді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолданды.
Сауалым – қарғын су қарашаңырағын ағызып әкеткен ағайынның арызы. Қызыл су арнасынан адасып аққанда амал таппаған адамдар далада қаңғырып қаламыз ба деп қорықты. Осыдан 2 апта бұрын дәл осы мінберден бұл мәселені көтердім. Жерінің 800 шақырымынан Жайық өзені ағып өтетін Батыс Қазақстан облысындағы ағайынның қазіргі жағдайы арқамды аяздай қарып барады, - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Оның айтуынша, БҚО-да су тасқынынан 1 292 тұрғын үйге зақым келген. Оның 116-сы – Қаратөбе, 243-і – Сырым, 218-і – Бөрлі, 649-ы – Теректі, 43-і – Бәйтерек, 6-уы – Тасқала ауданында, ал 17 үй Орал қаласында орналасқан.
Депутат саяжай мәселесіне де тоқталды.
Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 14 839 саяжай учаскесін су басқан. Оның 14 466-сы – Орал қаласында, 112-сі – Бәйтерек, 245-і – Бөрлі, 16-сы – Теректі аудандарында. Ол жақта мыңдаған адам тұрады. Саяжай дегенің қазақ үшін демалыс күндерін өткізетін емес, тұрақты тұратын орынға айналғалы қашан?! Соның өтемақысына қатысты түсініспестік әлі тоқтамай тұр. Өйткені ағынды судың астында қалған саяжай иесіне қанша ақша беріледі немесе қашан, қай жерден басқа үй ұсынылады? Бұл деректер әзірге орталықтандырылмаған. Ақпараттың жұртқа жедел жетуі шарт, - деді ол.
Сондай-ақ Нартай Сәрсенғалиев саяжай иелеріне өтемақыны уақытында беруді ұсынды.
«Тасқын су тосыннан келгенде тосып үлгермеген мыңдаған қандас қазір БҚО-да сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Олардың әкімдікке барып, жанайқайын жеткізгенін дүйім жұрт көрді. Сондықтан онсыз да қарғын судың салдарынан қарашаңырақсыз қалған азаматтардың заңды талабын уақтылы орындауымыз қажет. Себебі, мемлекет басшысы айтқандай, салаға жауапты шенділер жауапкершілік алудан қашып жүргенде, ел қақаған қыста қатып қалады», - деді депутат.
Ол Үкіметке мынадай ұсыныс та жолдады: