Жылжымайтын мүлік нарығына қаржыны жалған компаниялар арқылы инвестициялаған
Бүгінде Дубайда 1,5 мың қазақстандықтың құны миллиард доллардан асатын жылжымайтын мүлкі бар екен. Мұндай мәліметті EU Tax Observatory (Еуропалық салық обсерваториясы) сарапшылары мамырдағы есебінде келтірген.
tengrinews.kz-тің хабарлауынша, жарияланған есепте сарапшылар Дубайдағы 800 мың жылжымайтын мүлік иелері туралы деректерді талдаған.
Дубайдағы оффшорлық жылжымайтын мүлік үлесі өте үлкен. Кем дегенде 146 миллиард долларды шетелдіктер жылжымайтын мүлік нарығына жалған компаниялар арқылы инвестициялады. Бұл Лондондағыдан 2 есе көп. Географиялық орны мен байланыстары бұл қаладағы шетелдік инвестицияны анықтайтын негізгі фактор саналады, - делінген құжатта.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Дубайдағы 1 550 қазақстандық құны 1,018 миллиард доллар болатын 2 694 мүлікке иелік етеді. Орта есеппен қазақстандықтар бір жылжымайтын мүлікке 377 989 доллар жұмсаған.
Салыстырмалы түрде алсақ, БАӘ-нің ең ірі қаласында 5 381 ресейлік жалпы сомасы 3,344 миллиард болатын 9 755 жылжымайтын мүлікке иелік етеді.
Ал Қырғызстан азаматтары арасында Дубайда жылжымайтын мүлкі бар 106 адам бар. 236 нысанның жалпы құны – 102 миллион доллар.