Көптеген азамат алданғандарын тек ұшып шыққан күні, кейбірі әуежайда білген
Қостанайда 70 азаматты алдап, 78 млн теңгесін иемденген жалған туристік агент сотталды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, деп хабарлады Жоғарғы соттың Telegram-дағы ресми арнасы.
Сотталушыға 2 және одан да көп адамға қатысты ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық ісі бойынша (ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1, 3, 4-тармақтары) айып тағылды.
2021 жылдың ортасынан бастап Ф. жеке кәсіпкер ретінде шарттық қарым-қатынаста жұмыс істеп тұрған туроператорлардың турпакеттерін сатумен айналысқан. Ол клиенттік базаны қалыптастырып, азаматтардың сеніміне ие болғаннан кейін клиенттердің ақшасын иемдену үшін қылмыстық әрекетке кіріскен. Ф. 2022 жылдың маусымынан 2023 жылдың маусымына дейін турагент атын жамылып, азаматтарға туризм пакеттерін ұсынған. Іс жүзінде ол өз міндеттемелерін орындамай, Жапония, БАӘ, Түркия, Дубай, Египет, Таиланд, Вьетнам және өзге де елдерге бару үшін жәбірленушілердің төлеген қаражатын иемденген, - деп жазылған іс материалында.
Дереккөз мәліметінше, жәбірленушілер сотталушыдан еш күдіктенбеген. Себебі олар бұған дейін сотталушыдан турпакеттер сатып алған немесе достарының ұсынысы бойынша жүгінген және туристік сапарлардың құнын алдын ала толық төлеген. Алаяқтықтың құрбаны болған көптеген азамат алданғандарын тек ұшып шыққан күні, кейбірі әуежайда білген.
Сотталушыға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқан кезде оның бірі – сыныптасы 2 азаматты алдап үлгерген. Оның қылмыстық әрекетінің салдарынан 70-ке жуық жәбірленушіге 78 миллион теңгеден астам ірі көлемде материалдық шығын келтірілген, - делінген хабарламада.
Сотталушы өз кінәсін мойындаған. Сондай-ақ оның кінәсі өзге жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, банк шотынан алынған көшірмелермен, т.б. іс материалдарымен дәлелденді.
Жоғарғы сот баспасөз қызметінің мәліметінше, прокурор сотталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраған. Сонымен қатар сотталушы келтірілген материалдық шығынды өтей алмағандықтан жәбірленушілердің басым бөлігі оны заң шеңберінде қатаң жазалауды сұраған. Ал сотталушы тарапы бас бостандығынан айырудан бөлек жаза тағайындауды өтінді.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініп, жәбірленушілерге өтемақы төлеуге міндеттенді. Судья сотталушы өз кінәсін мойындағанын әрі жасаған қылмысына өкінгенін, ауырлататын факторлардың болмағанын есепке алып, оған туризм саласындағы қызметпен 6 жыл айналысуға тыйым салды және 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.